Қазақ тарихында өзінің парасаттылығымен, батырлығымен, ақылдылығымен ерекшеленген тұлғалар аз болған жоқ. Елдіктің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздіктің тұғырын бекіткен, қазақ деген халқымызды төрткүл дүниеге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде ел бағына туған ер екенін сарабдал саясаты арқылы сан рет айғақтады. Ал 2019 жылдың 19 наурызында ол ұлты үшін қандай күрделі шешімге де бара алатын, парасат-пайымы жеке мүддеден биік тұратын тұлғаның ұлық үлгісін көрсетті.
Империялық саясаттың қол астында болған халық рухының мықтылығы, ержүректілігі арқасында үлкен мемлекетке иелік етіп қалды. Ел басқару тәжірибесінде өткеніміз бен бүгінгі күннің арасында елжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде көптеген өзгеріс болды. Етек-жеңімізді жиып, ел еңсесін тіктеп, әлемге мәшһүр болдық. Халықаралық беделіміз нығая түсті. Десек те, ел ішіндегі ахуалға үлкен қолдау керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып жатса, жастардың білім алуына мол мүмкіндік беріліп жатса, құба-құп. Осы тұрғыдан алғанда Президентімізден бастап, билікте жүрген әрбір азаматтың туған елімізге, халқымызға Тұңғыш Президентіміздей жанашыр болғанын қалар едім. Сапалы білім мен елдің әлеуметтік жағдайының жақсарғаны елдегі саясаттың дұрыс бағдарда жүріп жатқандығын көрсетсе керек-ті.
Қай халықты алсақ та оның дамуы мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен білімінен көрініс беретіні белгілі. «Өнер сүйген патша – халық байлығы» дейді. Ал ұлан-ғайыр даламыздағы байлығымыз – халықтың меншігі, несібесі. Осынау иен байлықты ұқыптап, ел игілігіне жұмсайтын басшыдан біліктілік қана емес, парасаттылық та талап етіледі. Қандай деңгейдегі басшы болмасын, халықтың үніне құлақ асып, етене жақын болуы, мұң-мұқтажын тыңдауы алдағы атқарылар істердің нәтижелі болуына ықпал етпек. Ал қазақ елінің абыройлы болғаны билікте отырған азаматтарымыздың көрегенділігіне байланысты. Мен елімді білімді жастары бар, халқы дәулетті, мейірім мен қайырымға толы істерімен ерекшеленетін мемлекет ретінде көргім келеді.
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты