Шетелдіктер ұлтарақтай бөлігін таба алмай, қазақ даласынан келіп тиын-тебенге саудалап өз елдеріне құмырсқаша тасып, кейін өзімізге бағасы аспандап тұрған қымбат тон, аяқкиім етіп қайта сатып жүрген мал терілерін өңдеу, оны кең көлемде кәдеге жарату Қазақстанда шешімін таппаған мәселе.
Бірақ ел арасында хал-қадерінше теріні өңдеп, халқының қажетін өтеуге тырысып жүрген шеберлер бар, олардың бастамаларына қуанып, ырза боласың, өнімі ел игілігіне жарасын деп тілейсің.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Ғалымжан Лепесов сиыр мен қой терісін өңдеп, дайын болған былғарыдан аяқкиім тігеді. Ісмер бұл кәсіпке бала кезден машықтанған.
Алғашында темірден, ағаштан әртүрлі пішімдер әзірлей жүріп, тұрмыстық бұйымдар, үй жабдықтарын жасаған ол бүгінде етік тігу ісін бастады.
– Қазіргі уақытта тек ерлерге арналған аяқкиім тігемін. Алдымен тапсырыс берушінің өлшемін алып, дайын болу уақытын келісіп аламын. Кейін керекті материалдарды дайындап, аяқкиім жасауға кірісемін. Шағын ғана цехымда арнайы құрылғыларым бар. Тұтынушының көңілінен шығып, ойындағыдай етіп жасауға бар күшімді саламын. Алдағы уақытта шағын цехты кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар арқылы одан әрі дамытып кеңейту жоспарда бар, дейді Ғалымжан Лепесов.
Теріні өңдеу – шеберлікті қажеті ететін өз алдына үлкен өнер, ал өңделген теріден аяқкиім тігіп шығару хас шебердің қолынан келетін тірлік. Қиын жұмысты қолына алған жас жігітке сәттілік тілейміз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, құзырлы орындар шебердің алдына қойған мақсатына сай мемлекеттік бағдарламаларға ілігіп несие алуына, өзге де қажетті қолдауларды көрсетсе Бейнеудің бәтеңкелері брендке айналып кетер нағыз отандық өнім, нағыз былғары!
Маңғыстау облысы