Шығыс Қазақстан облысында демалыс базасына барып, қайтарда көліктері қарға батқан 4 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 наурызда жолда қалған 4 адам құтқарушылардан көмек сұрады. Екі баласы бар әйел және оның туысы демалыс базасына барып, қайтар жолда көліктері қарға батып қалған.
«Құтқарушылар көп ұзамай аудандық маңызы бар «Алтай-Чистые Ключи» жол учаскесіне келіп жетіп, жол талғамайтын көлікпен 4 адамды Алтайка ауылына дейін жеткізді. Олардың денсаулығына ешқандай зақым келмеген», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары өңір тұрғындарына қолайсыз ауа-райы кезінде елді мекеннен алыс сапарға шығуға болмайтындығын ескертеді. Жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отырған жөн. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыз «112» нөміріне хабарласа аласыз.