• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2021

Айсұлу Молдабекова: Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады

410 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінде ұйымдастырылған «Ұлттық халық санағы: ұпай түгенделетін тарихи сәт» атты дөңгелек үстелінде Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының ғылыми қызмет­кері, әлеуметтанушы Айсұлу Молда­бекова халық санақтары нәтижесінде алынған ақпарат тұрғындардың әлеу­мет­тік жағдайын қаншалықты шы­найы бағалай алатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

– Халық санағы – қоғамның әлеу­мет­тік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Біз жасайтын түрлі әлеуметтік сауална­ма­лар, өзге зерттеулердің іріктеуінің кө­лемі 1600, 2 мың, 7 мың, ең көбінде 10 мың болады. Статистика комитеті жүргізетін сауалдамаларға қатысатын адам­дар саны 10 мыңнан аспайды. 100 мың, 200 мың не 1 млн адам қатысатын сауалдамалар жүргізілмейді деуге де болады. Халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ете­тін­дігі секілді маңызды әлеуметтік көр­сет­кіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүм­кін­дік туады. Әлеуметтік жағдайды сан­дық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын, – деді Айсұлу Молда­бекова