Бұл күндері АҚШ-тың Флорида штатында өтіп жатқан теннистен Майами WTA 1000 жарысы өзінің шарықтау шегіне жақындап келеді. Халықаралық аса ірі додада бақ сынаған бес отандасымыздың тек екеуі ғана 1/16 финалға жолдама алды.
Мәселен, ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик аталған турнирдің екінші айналымында рейтингте 57-орында тұрған сербиялық Ласло Дьеремен кездесіп, екі сетте 6:3, 6;4 нәтижесімен жеңіске жетті. Енді Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 104-ракеткасы аустралиялық Джеймс Даквортпен ойнайды.
Сонымен қатар қыздар арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да үшінші айналымға шықты. Осы доданың 21-ракеткасы болып тіркелген ол дүниежүзілік рейтингте 64-сатыға жайғасқан эстониялық тәжірибелі теннисші Кайя Канепиді еш қиындықсыз екі сетте 6:4, 6:0 есебімен тізе бүктірді. Рыбакина плей-офф кезеңіне шығу үшін әлемнің 58-ракеткасы испаниялық Сара Соррибес-Тормомен шеберлік байқасады.
Өкінішке қарай, алғашқы айналымда әйгілі Винус Уильямсты жеңген Зарина Диас екінші кезеңде швейцариялық Белинда Бенчичтен, ал Михаил Кукушкин ресейлік Аслан Карацевтен жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.