Онлайн брифинг барысында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирусты анықтайтын 20 зертхана бар екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
«Өткен жылы бізде 4 зертхана болды, олардың қуаттылығы 3 мыңға да жетпейтін. Қазір біз коронавирусты анықтайтын 20 зертхананы іске қостық. ПТР зертханалар қуаттылығы тәулігіне 14 500 тест. Өткен аптада бір тәулікте 8 600 зертханалық тексеру жүргізілді. Зертханалар толық дайын», дейді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар Жандарбек Бекшин зертханалар жұмысы бақылауда екенін айтты.
«Ең бастысы қажетті материалдармен жабдықталған. Қазір тестілер мен реактивтер саны жеткілікті. Былтырғы оқиғадан сабақ алдық. Айта кетейін, әкімдік тарапынан көптеген қолдауға ие болдық. Материалдық көмек көрсетіліп жатыр», дейді ол.
Айта кетейік, Алматы 10 наурыздан бері «қызыл» аймақта. Өткен тәулікте мегаполисте коронавирус жұқтырған адамдардың саны 545-ке жетті.