Әділет министрі Р.Түсіпбековтің төрағалық етуімен пенитенциарлық жүйенің ағымдағы жылғы І тоқсандағы жұмысының қорытындысы талқыланып, аталмыш саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдары қаралған отырыс болып өтті.
Кеңесте сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезіндегі заңдылықтың жай-күйі, медициналық қызметтің жұмысын ұйымдастыру, қылмыстық-атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Әділет министрі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығына қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне атақ беру, лауазымға қабылдау және тағайындау мәселесінде айқындық пен шынайылықты қамтамасыз ете отырып, кадр жұмысын мұқият регламенттеу, сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және тағайындалған жазаны жеңілдету үшін өтінішпен сотқа дербес әрі тікелей жүгінуін көздейтін заң жобасын әзірлеу процесін тездету жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, Рашид Түсіпбеков қоныс-колониялары жұмысының және оларға сотталғандарды түзеу мекемелерінен ауыстырудың қолданыстағы тәртібінің тиімділігін зерделеуді тапсырды.