Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық» тақырыбындағы баспасөз конференциясы өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов, аталған департаменттің басқарма басшысы Медет Жәдігерұлы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарушы директоры, Басқарма мүшесі Айболат Әбенов қатысты.
А.Сұлтановтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде тиімділігі жоғары дақылдар алқаптарын ұлғайту және өндірісті әртараптандыру бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл майлы дақылдар алаңы 3 млн гектарды құрайды деп болжануда, бұл өткен жылғы деңгейден 63 мың гектарға артық, жемшөп дақылдары – 3,4 млн гектар болса, көкөніс-бақша дақылдарының ауданы өткен жылдан 16 мың гектарға артып, 280 мың гектарды құрайтын болады.
«Өңірдегі қазіргі жағдайда сұранысқа ие дақылдарды, атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіруге арналған шикізат, қант, қарақұмық жармасын, күнбағыс майын және басқа да маңызды өнімдерді өндіруге баса назар аударылады, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмық алаңын бұрын жоспарланған 89 мың гектардың орнына 103 мың гектарға дейін, картопты 197 мың гектардың орнына 209 мың гектарға дейін кеңейту ұсынылды. Бұл елді сұраныстың артуы байқалатын өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп хабарлады департамент директоры.
Ведомство өкілінің мәлімдеуінше, биылғы егіс науқаны барлық қажетті ресурспен, атап айтқанда, тұқыммен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда 2,4 млн тонна тұқым себілді, бұл жоспардың 100,2%-ын құрайды. 2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді, бұл 82,1 мың тонна элиталық тұқым мен 3,8 млн дана көшет сатып алуды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Минералдық тыңайтқыштар сатып алуды субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 26,1 млрд теңге қарастырылған.
Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бүгінде республика аграршыларына 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген, жөнелту жұмыстары жалғасуда. А.Сұлтановтың айтуынша, субсидиялауға өтінімдерді қабылдау Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында жүргізілуде, жақын арада Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталады. Қалған өңірлерде субсидиялар тізбелері мен нормаларын бекіту аяқталуға жақын. Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-Министр уәкілетті министрлікке аталған мәселе үшін бір апта мерзім берді. Сондықтан басқа өңірлер тыңайтқыштарға тиісті субсидияларды ала алады.
Айта кетейік, пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге қарастырылған, бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.