Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті сәулетші, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, егемен еліміздің елтаңбасы авторының бірі Шот-Аман Уәлихановтың өмірден өткені туралы суыт хабарды үлкен күйзеліспен қабылдап, орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Шот-Аман Ыдырысұлы сан қырлы дарыны мен биік парасаты, еселі еңбегі арқылы ұлттық сәулет өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға еді. Азаттықтың бесігі болған Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументін сомдаған шығармашылық топ жетекшісі, сондай-ақ көптеген еңселі ескерткіштер мен көрікті ғимараттардың авторы ретінде ел мәдениетінің дамуына атсалысты. Талантты шәкірттер тәрбиелеп, соңына бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырды. Алаш жұртының құрметіне бөленген абзал азаматтың жарқын бейнесі халық жадында әрдайым сақталады деп сенемін», делінген жеделхатта.