• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елбасы 31 Наурыз, 2021

Елбасы ТМЫК бейресми саммитіне қатысты

2766 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев саммитті барша түркі халықтарының киелі мекені –  Түркістан қаласында өткізу жоспарланғанын, алайда соңғы уақытта көптеген халықаралық іс-шаралар эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде өтіп жатқанын айтты. Соған байланысты  осы басқосуды да бейнеконференция форматында өткізу туралы шешім қабылданғанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

– Бүгінгі басқосуымыз «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтеді, – деді Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті облыс орталығы 2018 жылы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, сол уақыттан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталғанына тоқталды.

– Екі жыл ішінде қала түбегейлі өзгерді, бұл жұмыс әлі де жалғаса береді. Қаланың келешек архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, әлбетте, тарихи сабақтастық сақталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы іс-шараға қатысушыларды коронавирус пандемиясына байланысты ахуал түзелгеннен кейін Түркістанға келуге шақырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейресми саммит Түркі кеңесіне мүше бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев COVID-19 пандемиясына байланысты халықаралық қоғамдастық үшін қиын-қыстау кезеңде де түркі елдері бірлігін сақтап қалғанын атап өтті.

– Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін.  Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Елбасы.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы экономика саласында өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

– Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл  Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылықтарын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран» дәлізі) Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына айналып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Саммит аясында түркітілдес мемлекеттер арасындағы экономика, көлік, коммуникация және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, нығайту жайы талқыланды.

Сондай-ақ Елбасы күллі адамзат алдында тұрған жаңа сын-қатерлерге назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қазіргі күрделі халықаралық ахуалға орай Вашингтон, Мәскеу, Бейжің және Брюссель арасында ауқымды келіссөздер процесін бастау жөніндегі өзінің ұсынысын қолдауға шақырды.

– Аталған төрт тарап адамзаттың болашағы, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздеріне жүктелген ерекше жауапкершіліктің салмақты екенін толық сезінеді деп сенемін. Түркітілдес мемлекеттердің басшылары мені қолдайтынына және бұл мәселе бойынша байыпты пікір білдіретініне сенімдімін. Біздің ортақ көзқарас-пікіріміз алпауыт мемлекеттердің астаналарына жетеді деп үміттенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Соңында Елбасы түркі елдерінің көшбасшыларын ортақ мейрам  Наурызбен құттықтап, бауырлас халықтарға тыныштық пен игілік тіледі.

Саммитке сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.