• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Наурыз, 2021

Жетістіктің кілті – командалық рухта

214 рет
көрсетілді

Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылында қазақстандық спортшылар жекелей спорт түріндегі талай әлемдік додаларда бақ сынап, байрақты бәсекелерде ел мерейін асырып келеді. Осы орайда біз жан-жақта ойнап жүрген спортшыларымыздан жасақталып, ел үшін, елдің намысы үшін бір тудың астына бірігіп, командалық рухты қалыптастырған ұлттық құрамаларымыздың әлем чемпионаттарындағы нәтижелеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында су добынан Қазақ­стан­ның ерлер мен әйелдер құрамасы өзге спорт түрлерімен салыстырғанда ел тарихында тұңғыш рет жаһандық додада өнер көрсетті. 1994 жылы Италияның бас шаһары – Римде жалауы желбіреген әлем чемпионатында төрт құрлықтан жиналған 50-ге жуық елдің спорт­­­шылары 145 медаль жиын­­тығын сарапқа салды. Жа­рыс қожайындары Италия, Ма­жар­стан және Канада спортшыларымен бірге D тобына түскен Қа­зақстанның ерлер құрамасы үш ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, топта үшінші орын иеленді. Италия және Ма­жарстан құрамаларына жол берген жерлестеріміздің тек ка­надалықтарға шамасы кел­ді. Екінші турда Үйеңкі жа­пырақтар елінің спортшыларымен кездескен жігіттеріміз 10:4 есебімен басым түсті. Ал 9-12 орын үшін өткен ойын­дарда Қазақстан құрамасы Аус­­тралия және Германиядан же­ңіліп, су добынан тұңғыш әлем чемпионатын 12-орынмен түйіндеді. Бұл тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін өте жоғары жетістік болатын. Кейіннен елі­міз­дің ерлер құрамасы әлем чем­­пионаттарының тұрақты қа­тысушысына айналды. Жер­лестеріміз бүгінге дейін айтулы додада жеті рет (1998, 2001, 2009, 2011, 2013 және 2015 жылдары) бақ сынады.

Италиядағы әлем чемпионатына қатысқан әйелдер құра­масы да жаһандық бәсекені 12-орынмен қорытындылады. Ита­лия, АҚШ, Аустралия, Гер­мания, Жаңа Зеландия секілді мықты ұжымға тап келген жер­лестеріміз 5 ойынның төр­теуінде жеңіліп, соңғы турда Гер­мания құрамасымен (5:5) тең түсті. Қазақстанның әйелдер командасы да су спортынан әлем чемпионаттарында жиі бой көр­сететін ұлттық құраманың бірі саналады. Мәселен, бүгінге дейін бұрымдылар әлем чемпио­на­тының финалдық кезеңіне 8 рет (1994, 1998, 2001, 2003, 2007, 2009, 2011, 2013) жолдама алды.

Кейіннен әлем чемпионатына Қазақстанның шайбалы хоккей құрамасы қосылды. 1998 жылы Швейцарияның Цюрих және Базель қалаларында ұйымдас­тырылған мұз үстіндегі бәсекеде Қазақстан Ресей, Финляндия және Латвия секілді хоккей дер­жаваларымен бір топта өнер көрсетті. Өскемен хоккей мек­те­бінің түлектерінен жасақталған ұлттық құрамамыз барлық ойында қарсыластарына есе жіберсе де, тұңғыш әлем чемпионатынан зор тәжірибе жинақтап қайтты.

Бұдан кейін қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатына жеті мәрте (2004, 2005, 2006, 2010, 2012, 2014 және 2016 жылдары) қатысты. 2005 жылы Аустрияда өткен жаһандық жарыста біздің жігіттер 12-орынға табан тіреді. Бұл – әлем чемпионаттарындағы әзірше ең үздік нәтижеміз. Мұ­зай­дын шеберлері, бәлкім, бұл көрсеткішті биылғы әлем чемпионатында жаңартып қалар. Алдағы мамыр айының 21-і мен маусымның 6-сы аралығында Латвия астанасы Ригада өтетін әлемдік сайыста 2019 жылы жо­­ғары дивизионға оралған Қа­­­зақстан құрамасы Канада, Фин­ляндия, АҚШ, Германия, Лат­вия, Норвегия, Италия құра­маларымен B тобында сынға түседі.

1999 жылы Нигерияда өт­кен футболдан жастар арасын­дағы әлем бiрiншiлiгi қазақ фут­болының алтын тарихына енді. Өйткені ала доп өнеріне аң­сары ауған қазақ жастары Азияда теңдессіз құрама ата­нып, Африка құрлығында ұйым­дас­тырылған аламанда тұңғыш рет өнер көр­сетті. Сарықұрлықта қарсы­лас шақ келтірмеген Қа­зақстан әлем чемпионатында жастар арасындағы соңғы әлемдік до­даның жеңiмпазы Аргентина, Африка чемпионы Гана құрамасы мен Еуропаның қола жүлдегерi Хорватия командасына тап келді. Кіл мықты қарсыласпен жасыл алаңда жолыққан жерлестеріміз тұсаукесер кездесуінде Арген­тинадан 1:0 есебімен же­ңілсе, екінші турда Хорватияға 5:1 нә­ти­жесімен жол берді. Қа­зақ­стан құрамасынан әлем чем­пионатындағы ең бірінші және әзірше ең соңғы голын Ерлан Оразаев соққан болатын.

Гол соғылған сәтті Ерлан Ора­заев былай баяндап берген еді: «Еуропалық қарсыласымыздың кездесуге дайындығы өте керемет болатын. Мен ойынға тек екінші таймда қосылдым. Ол кезде матчтың есебі 3:0 болып тұрған. Алаңға шыға салып есеп айырмасын қысқартсам да, қапталдағы төрешi «ойыннан тыс қалдың» деп есептемей тастады. Бiрақ матчтан кейін қайталауды көрсем, ешқандай да офсайд болмапты. Соның артынша ұжым болып тағы шабуыл ұйымдастырдық. Кiм екенi қазiр есiме түспей тұр, оң қапталдан бiр әрiптесiм пас бердi. Доп ая­ғыма дәл келгенін сезсем керек, ештеңеге қарамастан жойқын соққы жасадым. Шамамен 30 метр жерден бағыттаған добым Хорватия қақпашысы үшiн алынбастай болыпты. Доп қақпа торында тулап жатты. Осылайша, Қазақстан футболының әлем бi­рiн­шiлiгiндегi соғылған тұң­ғыш, әлi күнге дейiн жалғыз бо­лып тұрған голы тiркелген. Ендi бар үмiтiм сол голдың те­зiрек жаңартылуы. Бiздiң iнi-бауырларымыз ұлттық құрама сапында әлi талай гол салады деп сенемiн», деп есіне алды. Бүгінде әйгілі шабуыл­шы Қарағандының «Шахтер» клубының директоры қызметін атқарады.

Араға жыл салып ғасырлар тоғысында Қазақстанның футзал құрамасы да тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. 2000 жылдың күзінде Гватемала төрінде ұй­­ым­­дастырылған доп додасында жерлестерміз Бразилия, Пор­тугалия және алаң иелерімен бірге «А» тобында бақ сынады.

Мұхиттың арғы бетінде өт­кен әлем біріншілігінде біз­дің жігіттер барлық қар­сыла­сы­нан жеңілгенімен, Қазақстан құрамасы үшін мұндай ірі жа­­рысқа қатысудың өзі – зор мәр­тебе, мол тәжірибе еді. Одан кейін Қазақстан УЕФА қа­натының астына өтіп, Қа­зақ­стан футзалы жаңа дең­гей­ге көтерілді. 2016 жылы Колум­биядағы әлем чемпионатына мықты дайындықпен барған жерлестеріміз топтық ке­зең­де Аргентинаға есе жібер­ге­німен (1:0), кейінгі матчта Кос­­та-Рика құрамасынан басым түсті (3:1). Ал соңғы турда Со­­­ло­мон аралдарының қақ­па­сына жауапсыз 10 гол соғып, өз то­бында екінші орын алды. Сөй­тіп Қазақстан тұңғыш рет маңызды доданың плей-офф кезеңіне қадам басты. 1/8 финалда әлемнің екі дүркін чемпио­ны Испания құрамасымен жо­лыққан біздің жігіттер тартысты өткен ойында 5:2 есе­бімен же­ңіліп қал­ды. 30 ми­нут бойы ис­па­ния­лықтарға азу көрсетіп, 2:2 нәтижесімен терезесі тең түсіп тұрған өрен­деріміз матч­тың соңғы 10 минутында қақпа­ла­рына үш гол өткізіп алып, жа­­рыс­ты плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды.

Сонымен қатар волейболдан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары да әлем чемпионатында бақ сынады. Ерлер құрамасы 2002 жылы Аргентинада және 2006 жылы Жапонияда өткізілген құрлық біріншілігінде өнер көрсетсе, әйелдер Жапония (2006, 2010, 2018) және Италиядағы (2014) әлем чемпионаттарында ойнап, топтық кезеңнен кері қайтты. Сондай-ақ гандболдан қыздар құрамасы (2007, 2009, 2011, 2015, 2019) мен көгалдағы хоккейден қыздар арасындағы еліміздің бас құрамасы 2011 және 2015 жылдары аталған спорт түрінен өткен жылдың басты бәсекелерінің топтық кезеңінде ел намысын қорғады.