Баскетболдан таяуда ғана аяқталған Жоғары лига командалары арасындағы Қазақстанның XXIX чемпионатында Қарағанды облысының «Қарағанды» клубы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Мұндай деңгейдегі додаға тұңғыш рет түсіп отырған ұжым үшін бұл – үлкен жетістік.
Таяуда аталған кәсіби клубты өзі құрып, қазіргі уақытта оның басшысы болып қызмет ететін Дастан Аяпбекке жолығып, өзімізді қызықтырған бірнеше сұраққа жауап алған едік.
– Дастан Ерікұлы, жақында ғана аяқталған чемпионат туралы пікіріңізді білсек. Сіз басқаратын клубтың негізгі қарсыластары кімдер болды?
– Чемпионат өте тартысты өтті. Бізге қарсы ойнаған жеті команданың бәрі де шеберліктеріне құрметпен қарауға тұрарлық қарсылас болды. Турнирде топ жарған Қызылжардың «Барс», күміспен күптелген Шымкенттің «Қазығұрт» командаларымен болған текетіреске толы ойындардан өзімізге пайдалы көп дүние алдық.
Шынын айтқанда, турнирге тұңғыш қатысып отырғандықтан, ойындар бізге оңайға соқпады. Тәжірибеміздің толыспағаны да рас еді. Бюджетіміз де басқаларға қарағанда аздау болды. Бірақ осының бәріне қарамастан, тәуір нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Біз үшін бұл – тарихи оқиға.
– Команда құрамына қарап отырсақ, негізінен өзіміздің ұзын бойлы ұландарымыз ойнайды екен...
– Біздің команданың құрамы түгелге дерлік Қарағанды облысының ойыншыларынан тұрады. Мысалы, клубта Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларынан, Көкпекті ауылынан баскетболшылар өнер көрсетеді.
– Команда құрамында легионер ойыншы бар ма?
– Қазір біздің командада Николай Муха есімді бір ғана легионер ойыншы бар. Өте талантты баскетболшы. Биылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша «Ең үздік ойыншы» атағына ие болды. Төлқұжат бойынша ол – Ресей азаматы. Енді өзінің айтуынша, Қазақстанның азаматтығын алғысы келеді.
– Болашаққа деген жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Алға қойған қандай мақсат бар?
– Болашаққа деген жоспарымыз өте зор. Мәселен, баскетбол ойынын дамыту ісінде меценаттардың да көмегіне жүгінсек дейміз. Қазіргі уақытта бізге Игорь Амалатов деген кәсіпкер көмектесіп тұрады. Біз оның иелігіндегі залда жеңілдікпен жаттығамыз. Болашақта осы залдың жанындағы екі қабатты ғимаратты сатып алып, оны баскетболшылар тұратын заманауи үлгідегі жатақханаға айналдырсақ деген жобамыз бар. Әлбетте, мұның бәрі бюджетке байланысты шешілетін шаруалар.
Жалпы, біздің алдымызға қойған мақсатымыз – екі жылдан кейін Ұлттық лигаға шығып, еліміздің ең мықты командаларымен күш сынасу.
– Командадағы талантты ойыншыларды басқа клубтар жақсы жалақы ұсынып, өздерінің қатарына қосып алмай ма деген қауіп жоқ па?
– Бұл тақырыпта талай әңгіме болған. Бір қуанарлығы, жігіттер ұжымды тастап кетпейміз деп нық айтады. Командадағы береке-бірлік, ынтымақ, жалпы ахуал оларға ұнайтын болса керек. Және олар Қарағанды баскетбол мектебінің алдындағы өздерінің тұңғыштар ретіндегі тарихи миссиясын өте жақсы түсінеді. Осындай азаматтық берік ұстанымдары үшін баскетболшы жігіттерімізге ризашылығымды білдіргім келеді.
– Команданың жаттықтырушылар штабы туралы айта кетсеңіз.
– Командада бір ғана жаттықтырушы бар, ол маманның аты-жөні – Александр Александрович Тютюник. Өз ісіне берілген, өте тәжірибелі және білікті маман. Кезінде ол Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсеткен. Жастар арасындағы әлем чемпионатына негізгі ойыншы ретінде қатысқан.
– Облыс спортының басшылығы тарапынан қолдау қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Шынын айтқанда, команданың болашағы бюджетіне байланысты ғой. Бір қуаныштысы, жағдайымыз уақыт өткен сайын жақсарып келеді. Әлбетте, облыстағы басшылар тарапынан жан-жақты қолдау болмаса, біз мұндай нәтижеге қол жеткізбес те едік. Осындай қамқор ниет барда болашағымыз жарқын болуы тиіс деген нық сенімдеміз.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ