Көксу ауданы Балпық би кентінің тұрғыны, көп балалы ана Гүлзира Солтанғазиева отағасымен бірге 8 бала тәрбиелеп отыр. Ол өз отбасына қайырымдылық жасаған белгісіз кәсіпкерге дән риза.
– Бұл қуанышты оқиға 2019 жылы болды. Отбасымызға Балпық би кентінен кең үй бұйырды. Біз оған дейін пәтер жалдап келгенбіз. Үй мәселесінен аудан әкімдігі хабардар болатын. Көп балалы әулет ретінде қамқорлық пен көмектен құр қалмасақ та, баспанаға қол жеткізу арман еді. Осы жылы елімізде көп балалы отбасылардың жағдайы жиі сөз болып, билік те, қалталы азаматтар да көмек қолын соза бастады. Бір күні аудан әкімдігінен хабарласып, жақында баспаналы болатынымызды айтты. Қуанышымыз қойынымызға сыймай, уәделі күнді күттік. Мерейлі сәт келгенде бізді азаматтар Балпық би ауылының Қазыбек би көшесіне алып келіп, «Мына үй енді сіздердікі...» деді. Кішігірім ісшара ұйымдастырылды. Әуелі баспана мәселеміз бұлай жылдам шешіле салғанына сенбедік. Бір күліп, бір жылап жүрміз. Үй 5 бөлмелі, ауласы кең, жеміс бағы мен бақшасы да бар екен. Әкімдік өкілдері осы кең сарайдай үйді бізге сатып алып берген жеке кәсіпкер екенін және ол кісі өзінің атыжөнін құпия қалдыруды өтінгенін айтқанда көз жасыма ерік бердім. Өмірде қаншама қайырымды жандардың барын білсем де, дәл мұндай жомарттықты күтпеген едік. Қазір 8 баламызбен сол бір қайырымды жан сыйлаған үйде тұрып жатырмыз.
«Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген сөз бар ғой, біздің қамқоршымыз осыны берік ұстанатын парасатты адам болса керек. Біз ол кісінің жақсылығын ұмытпаймыз, үнемі дұғатілегімізге қосып отырамыз. Атыжөнін анықтауға да әрекет етпедік. Өйткені қайырымды жан мұны қаламаса керек. Ал биыл, араға бірер жыл салып «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы ойымды жұршылықпен бөліскім келді. Жер бетінде жақсы адамдардың бар екенін, олар қиын кезде көмек қолын созатынына сенеміз. Сондай жүрегі кең азаматтардың бәріне мың алғыс! – дейді көп балалы ана Гүлзира Солтанғазиева.
Жалпы, Алматы облысында мұқтаж жандарды, оның ішінде көп балалы әулеттерді тұрғын үймен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл ізгі бағыттағы іске кәсіпкерлер де үлкен үлес қосып келеді. Мысалы, былтыр 1258 көп балалы отбасы баспаналы болса, оның ішіндегі 180 үйді аймақтағы мецанаттар сыйға тартқан екен. Ал бұл игі дәстүр біздің кейіпкеріміз тұратын Көксу ауданында биыл да жалғасыпты.
– Карантин кезінде ауданда тұратын мұқтаж адамдарға 12 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмегі көрсетілді. Мұның ішінде көп балалы отбасылар да бар. Аудан бойынша олардың саны – 1103. Бұл әулеттердің жағдайы біздің назарымыздан тыс қалған емес. Баспанасыздарды үй кезегіне қою мен демеушілердің көмегімен олардың үйлі болуларына ықпал ете береміз. Жақында мемлекеттік бағдарлама арқылы Мұқаншы ауылындағы көп балалы отбасы баспаналы болды. Мұнан бөлек, осы қыс мерзімінде ауданда демеушілердің қаржысына 41 аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 500 мың теңгеге азықтүлік беріліп, 40 отбасыға 550 мың теңгеге отын түсірілді, – дейді аудан әкімі Алмас Әділ.
Айтпақшы, мұқтаж жандарға көмек, оның ішінде қысқы маусымға дайындық барысы бойынша облыстың барлық өңірінде қайырымдылық шарасы белсенді түрде жүргізілді. Бұл шараға бюджеттен 46 млн теңге жұмсалса, демеушілер бірлесіп, 272,4 млн теңге жинаған. Нәтижесінде, Жетісуда бір айда 18 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілген.