Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында ЕАЭО аумағында бағалы металдардың еркін айналымы туралы заң жобасы қабылданды.
Осылайша, қазақстандық зергерлік бұйымдарды ЕАЭО аумағына экспорттау жеңілдей түспек. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына сәйкес, қымбат металдар мен тастардан жасалған бұйымға қосымша сынама салынбайды. Яғни енді қазақстандық сынамасы бар зергерлік бұйымды Одақтың барлық елдерінің аумағында қайта сынамадан өткізбей саудаға шығаруға мүмкіндік туғызылады.
Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, келісімнің мақсаты – мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылығын жасау және тиімді шаралар әзірлеуге бағытталған сауда-экономикалық тетіктер қалыптастыру, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.
«Келісім ережелері мына бағыттарды қамтиды:
Бағалы металдармен, өңделмеген асыл тастармен мәмілелер жасау. Кимберли процесі талаптарына сәйкес мүше мемлекеттер арасында өңделмеген табиғи алмастарды тасымалдау. Мәмілелер жасау және асыл тастардың жіктеу және құндық сипаттамаларын анықтау.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерде түзілетін сынықтар мен қалдықтарды жинау және міндетті есепке алу. Зергерлік және басқа да бұйымдарды сынамалау, талдау және таңбалау. Заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер және уәкілетті органдар арасындағы сынамалық таңбалар бедерлерінің үлгілері туралы ақпарат алмасу. Бағалы металдар мен асыл тастардың заңсыз айналымы үшін шаралар қолдану», деді А.Ержанов.
Келісім одақта зергерлік бұйымдардың сынамасына қатысты туындайтын шектеулерді жояды. Яғни егер зергерлік бұйым Қазақстанда жасалса және сыналса, онда оны Одаққа мүше мемлекеттерде қайта сынамалау қажет емес. Келісім ережелері қаншалықты орындалып жатқанын анықтау үшін Одаққа мүше елдерге бес жылда бір рет арнайы сапар жасалады.
«Келісім өңделмеген табиғи алмастарды Одаққа мүше бір мемлекет аумағынан екіншісіне тасымалдауды қарастырады. Өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберли процесі талаптарына сәйкес іске асырылады.
Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық ел Кимберлий процесіне мүше», деді вице-министр.
Бұдан бөлек, Келісім, бір жағынан, қазақстандық нарыққа сапасыз зергерлік шикізат әкелуден қорғануға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, аффинаж алтынын өндіруді ұлғайтуға және ЕАЭО кедендік аумағында бағалы металдар мен тастардың еркін айналымы үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы отырыс барысында сенаторлар «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құжат мемлекетаралық стандарттауды жетілдіруге, сондай-ақ ТМД Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық кеңес қабылдайтын құжаттарды тарату және пайдалану қағидаттарының бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біріншіден, стандарттарды таратуға бір ұйым ғана құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе уәкілеттік берілген ұйым болуы мүмкін. ТМД-ның кей елінде стандарттарды таратуға құқылы әртүрлі ұйым бар. Бізде бұл мәселе шешілді. Екі жыл бұрын күшіне енген «Стандарттау туралы» Заң бойынша бұл құқық Қазақстан метрология және стандарттау институтына бекітілді.
Екіншіден, ТМД-ға мүше мемлекеттердің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғауды заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету. Біздің ұлттық заңнамамыз мұндай фактілерді анықтауды қарастырмайды. Осыған байланысты, стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл енгізу бойынша өз ұсыныстарымызды дайындадық.
Басқа елдерде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, Беларусьте бұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған, ал мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз тарату қызметі заңсыз саналады.
Үшінші, өзара іс-қимылды үйлестіру Стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандырылып жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл іске асырылатын мемлекетаралық стандарттарды орталықтандырылған есепке алуды, оларды пайдаланудың заңдылығы мен қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаны сотталғандардың өз мемлекетінде өтеуге жағдай жасайды.
«Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады. Сұрау салуға сотталушының азаматтығы, оның жазбаша келісімі, сот шешімінің көшірмесі, мінездеме, келтірілген шығын туралы мәліметтер қоса беріледі.
Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші шешім қабылданған соң 45 күн ішінде өз бетінше елден шығуға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобаларын қарауды қорытындылай келіп: «Бүгін қабылданған заң жобалары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Еуразиялық экономикалақ одақ шеңберінде мемлекетаралық ынтамақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Олар азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды күшейтуге, ТМД деңгейінде мемлекетаралық стандарттау жүйесін тиімді пайдалануға, сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бағалы металдар мен қымбат тастар нарығын дамытуға мүмкіндіктер береді», деді.
Жиын соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жария етті. Сүйіндік Алдашев Каспий теңізінде мамандандырылған құтқару қызметін құру мәселесін көтерді. Қанатбек Сафинов мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына беруді жандандыру маңызды деп санайды. Сұлтан Дүйсембинов жеміс бақтарын сақтау үшін қажетті отандық биопрепараттарды өндіру және сынақтан өткізу қажеті туралы айтты.