Қорғаныс ведомствосының басшысы Атырау гарнизонына жасаған жұмыс сапары аясында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне барып қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрі «Батыс» өңірлік қолбасшылығында командалық пункт қызметінің ұйымдастырылу барысын, бағынысты әскерлерге жауынгерлік басқару дабылын хабарлау мен жеткізу тәртібін тексерді.
Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Атырау гарнизонының әскери бөлімдерінде әскери техникалардың сақталуы, оларға көрсетілетін қызмет пен жөндеу тәртібімен танысты. Оған техникалық қызмет көрсетудің барлық түрлерін жүргізуге және тораптар мен агрегаттарды ауыстыру арқылы, әскери көліктерге жөндеуге мүмкіндік беретін техникалық қызметтер мен жөндеу пунктінің жұмысы, сондай-ақ техниканы ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстау үшін аккумулятор батареяларын шағын тоқтармен қайта қуаттаудың қолданыстағы жүйесі көрсетілді.
Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пунктінде қорғаныс ведомствосының басшысына әскерге шақыру науқанының барысы, әскери бөлімдерді жасақтау кезінде психологиялық және медициналық іріктеудің қазіргі ерекшеліктері жөнінде баяндалды.
Қорғаныс министрі коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық шаралар мен шектеулерді сақтаудың барлық шараларын жүргізуге нұсқау берді.