ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚҰҚЫЛЫ
Бір ғана Атырау облысында 100-ден астам шетелдік инвесторлар тіркеліп жұмыс істеуде. Ал олардың немен айналысып жатқаны, елге қандай пайда тигізгені, қанша салық төлейтіні, қаншама адам еңбек ететіні, оның неше пайызы қазақстандық екені, олардың еңбек ақысы жөнінде қарапайым халық түгілі, Парламент депутаттары – біздерге де беймәлім.
Еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарымыз өз тұжырымдамаларын алған мамандығы бойынша шетелдік компанияларға тапсырғанмен, жұмысқа орналасқаны жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Бірнеше ай, тіпті жылдап жауабын күткенмен, оң шешім болмаған соң, жас маман отандық компанияларды сағалайды немесе базар жағалап, жұмыссыздар қатарын толықтырады.
Шетелдік инвесторлардың жұмысын көп айта бермейміз. Мысалы, Атырау, Маңғыстау облыстарының жұртшылығы “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-тың басшыларына өз сұрақтарын қойып, көптеген талаптарды алға тартып отырғанын біз жақсы білеміз. Ал осындай талапты біз шетелдік инвесторларға қойып жүрміз бе деген орынды сұрақ туындайды. Елімізде жұмыс жасап жатқан кез келген инвесторға заңды талап болса қоюымыз қажет деп білеміз. Сондықтан біздің бірінші сұрағымыз:
“ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ қызметкерлерінен 39 есе көп жалақы алатын ENRC (Машкевичтің Еуразиялық тобы), сол сияқты 20 есе артық жалақы алатын “Қазақмыс” АҚ сияқты компаниялар қызметкерлерінің еңбекақылары неге осынша айырмашылық құрайды.
Соңғы кезде “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ жөнінде көп айтылып жүр. Әсіресе, олардың еңбекақылары көп, қызметкерлеріне ерекше жағдайлар жасалған дегенді естиміз. Шындығында солай ма?
Бүгінгі күні еліміздің мұнай саласындағы Exxon Mobіl, Лукойл, Shell және басқа да шетел компанияларының менеджерлерінің еңбекақысы “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мамандарының еңбекақысынан әлдеқайда жоғары болғандықтан, кәсіби шебер мамандар басқа компанияларға кетіп жатқаны анық байқалуда.
Сондықтан біз Үкіметтен, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-тан ұлттық мұнай-газ өндіру компанияларының еңбекақысы, әлеуметтік жағдайы біздің елде осы салада істеп жатқан инвесторлардан кем болмауын қадағалауды сұраймыз.
Біздің ойымызша, еліміздің ұлттық компаниялары шетел инвесторларымен терезесі тең, жоғары дәрежеде болуы шарт деп санаймыз. Сонда ғана біз мұнай-газ саласында басқа елдермен тең жағдайда, өз байлығын ашық, халқымыз үшін, әлеуметтік жағдайларымызды жақсарту үшін пайдаланып жатырмыз деп сеніммен айта аламыз.
Олай болса, қазба байлық өндіруде жұмыс жасап жатқан ұлттық компаниялар мен шетелдік компаниялардың басты мәліметтері (жалпы көлемі, еңбек ететіндер саны, оның ішінде қазақстандықтар саны, еңбекақылары, т.б.) жариялы болуы тиіс деп білеміз.
Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Мәжіліс депутаты.
ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨРІНІСІ
Әлемдік қоғамдастықтың жаһандану заманы алға тартқан талап-тілек үдесінен көріну – елдік мүддені арқалаған әр азаматқа парыз. Бұл ретте халық қалаулыларына жүктелер міндеттің де өзіндік салмақ-жүгі ауыр екені айқындалып шығады. Осы орайда олардың жұмысын көрсететін баспасөз қызметінің журналистермен өзара тұрақты әрі нәтижелі байланыс орната білуінің маңызы жоғары.
Бүгінде Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі мен “Егемен Қазақстан” газеті арасында әріптестік байланыс орнаған. Тараптардың ортақ үнқатысу алаңын құруға ұмтылуы – көптеген екі жаққа да тиімді мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде.
Жақында Парламент Мәжілісі баспасөз қызметінің қызметкерлері Сәуле Досжанова мен Айбатыр Сейтақ 90 жылдық тарихты еңсерген “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа ғимаратына арнайы ат басын бұрды. “Егемендіктерді” қоныс тойымен құттықтай келе, олар жыл сайынғы қалыптасқан игі дәстүр бойынша журналистерге наурыз көжеден дәм татырды. Және де басылым журналистерімен әріптестіктің нығая түскендігін қалайтындықтарын, бұл өз кезегінде баспасөз қызметі мен газет жұмысын оңтайландыруға сеп болатынын атап өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.