• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2021

Иммундау қатерді азайтады

340 рет
көрсетілді

Індет індеген бір жылдан астам уақытта өміріміздің мәні өзгерді. Карантиндік шектеулер құрсауында көңілдің бір тұсы кем, әрине. Сондықтан сақтық шараларын сақтаудың өзімізге де, өзгеге де әсері мол екенін жете түсіне бастағандаймыз. Қолданысқа енген түрлі вакциналар қалыпты тіршілігімізге оралатын күнді жақындата түседі деген үміт бар. Десе де соңғы аптада ел аумағындағы ахуал тағы да күрделене түсті.

Қазақстанда коронавирус­тың таралуына жол бермеу жөнін­дегі ведомствоаралық комис­сия ел аймақтарындағы эпиде­миялық жағдайды баға­лау матрицасын жариялады. 2021 жылдың 4 сәуіріндегі жағ­дай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақ­стан облыстары «қызыл аймақ­та» тұр. «Сары аймақта» Шым­кент қаласы және Ақмола мен Қарағанды облыстары орналас­қан. Қалған барлық өңір – «жасыл аймақта». Еліміз таяуда әлем­­­дік эпидемиялық ба­ға­­­лау мат­рицасы бойынша «қызыл ай­маққа» өткен болатын.

Соңғы дерекке сәйкес Қазақ­станда 27 516 адам коронавирус инфекциясынан (26 180 КВИ+ және 1 336 КВИ-) ем алып жатыр. Оның ішінде 9 996 пациент стационарда, 17 520 науқас амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Коронавирусқа шалдыққандар арасында 398 адамның жағдайы ауыр, 103 пациенттің жағдайы өте ауыр, 64 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр. 2 сәуірде коронавирустан 11 адам көз жұмған.

Қазіргі ең басты мақсат – халық­ты иммундау шараларын белсенді жүргізу. Соңғы тәу­лік­терде еліміздің әр өңірінде мың­даған адамның өз еркімен екпе алып жатқаны қауіпке қарсы күрес­ті әркімнің өзінен бастауы қажет­тігін жете ұғынғаны деп қабыл­дауға болар. Осы орайда отандық кәсіпкерлердің де ортақ іске білек сыбана қатысуы қуан­тады. Мәселен, елордада бел­гілі кәсіпкерлер ірі сауда ор­тал­ықтарының кинотеатр­­ларын, қонақүйлерін егу пункті ретін­де пайдалануға ұсынып отыр. Санитарлық дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқарма­лары вакциналауға қажетті инфра­құрылымды жасақтауға кірісті. Көптеген егу пункті демалыссыз жұмыс істемек.