• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2021

Шымкентте журналистер бейбіт акция өткізіп, наразылықтарын білдірді

1720 рет
көрсетілді

Шымкент қалалық полиция департаментінің алдында журналистер бейбіт акция өткізіп, соңғы кезде орын алған екі оқиғаға қатысты наразылықтарын білдірді.

Жалпы журналистің жұмысына кедергі келтіру, оператордың камерасын сындыру, полиция бөлімшесіне апарып, түсініктеме жаздыру, заңсыз ұстау, өкінішке қарай елімізде болып тұратын келеңсіз жағдай. Мұның бәрі де біздің құқық қорғау органдарында журналистпен жұмыс істеу мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетеді. Өкінішке қарай, «ұр да жық полицей» біз үшін жаңалық болмай қалды. Журналистердің полиция департаменті алдына жиналуына не себеп? Қысқаша баяндап өтелік.

Осыдан бір ай бұрын қаладағы «Тұлпар» базарында орын алған өрт оқиғасын түсіру үшін барған «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов пен «31 арна» телеарнасының тілшісі Бахрам Абдуллаевқа тәртіп сақшылары күш қолданған. Ол бойынша тергеу амалдарының басталғаны белгілі. Міне, осындай келеңсіздік тағы да қайталанып отыр. Қос журналистің және «полицейлердің ертең өзін өлтіріп кететінін күтіп отыра бермей» қарсылығын білдіріп, департаменттің алдына плакат көтеріп  келген «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиевтің айтуынша, олар сенбі күні Алтынтөбе елді мекеніне тұрғындардың наразылығын түсіру үшін барған. Полицейлер олардан оқиғаны түсірмеуді талап еткен. Тәртіп сақшыларының бірі Бахрам Абдуллаевқа тап беріп, жаңбырдан қорғау үшін камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын сындырып, қолына жеңіл жарақат салады. Полицейлердің сол жерде жүрген «Азаттықтың» тілшісі Диляра Исаны жұлқылап, ұялы телефонын тартып алмақ болғанын, ал Бахрам Абдуллаевқа бір тәртіп сақшысының жақын келіп, «өлтіріп жіберемін» деп қорқытқанын заңдық тұрғыдан былай тұрсын, адамгершілік тұрғыдан ақтауға бола ма?  Тәртіп сақшылары осы оқиға кезінде «Отырар» телеарнасының операторын да ұрған.

Журналист төтенше жағдай болған жерді былай қойғанда от пен оқтың ортасында, соғыс жағдайында жүріп те хабар таратып, ақпарат жинайды. Себебі ол оның кәсіби міндеті. Журналистердің жұмысына полиция қызметкерлерінің кедергі келтіруі қай тұрғыдан алсақ та дұрыс емес. Ал соққыға жығуы тым шектен шыққандық. Журналисті кім көрінген ұрып-соғып кете беретін болса, бұл кәсіпте қандай бедел, қандай қадір-қасиет қалады?! Елдегі демократияның, сөз бостандығының бедел-деңгейі журналист жұмысымен де бағаланатынын ескерген жөн.  «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңда жазылған журналистің құқығын былай қойғанда Қылмыстық кодексте «журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау» деп аталатын (158-бап) бап бар. Бұл бап бойынша журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасаған адам айыппұл салудан 45 тәулікке дейін қамаққа алуға дейін жазаланады. Ал егер бұл әрекет қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан өздерінің құзыреттерін пайдалана отырып журналисті соққыға жыққан, оның заңды кәсібіне кедергі келтірген полицейлер заң алдында әділ жазалануы тиіс.

Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал Ералы Жұмаханбетов департаменттің алдына жиналған журналистерге барып, оларды ішке кіргізіп, емін-еркін сөйлесті. Генералдың бұл қадамын қарапайымдылыққа бағаладық. Алайда осы келеңсіздіктің бір ұшы басшылыққа барып тірелетін сияқты. Осы кездесуде генералдың талап етуімен өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі 2 наурызда Талибжанов пен Абдуллаевтың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іспен таныстырды. Тергеуші «тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Тіпті бұл іс бойынша күдіктінің бар-жоғын айтудан бас тартты. Бір ай бойы бұл бағытта ешқандай да жұмыс жүргізілмеген сияқты. Жәбірленген журналист генералға «өлтіріп жіберемін» деген полицейдің суретін де көрсетті. Сол жерде оның кім екендігі, қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткені белгілі болды. Кейінгі істің де алдыңғысы сияқты бір орыннан жылжымай, ақыр аяғында жылы жабылып қала ма деген күдік басымдау.

Генерал Ералы Жұмаханбетовтің сол жерде соққыға жығылған журналистерден қызметкерлері үшін кешірім сұрап, «осыменен болды ма?» дегені де түсініксіз. Осылайша бас полицей журналисті соққыға жығудың жазасы бір кешіріммен жабылады дегенді аңғартқысы келді ме? Мәселе кешірім сұрауда емес, мәселе заңның сақталуында ғой. Осы оқиғаға қатысты журналистер қауымы өз пікірлерін әлеуметтік желілер арқылы да білдіруде. «Менің журналистикада жүргеніме тура 55 жыл болыпты. Кызмет бабымен Ішкі істер министрін де, генералдарды да сынадық. Қызметін. Бірақ дәл мынадай жағдай болған емес. Қайда бара жатырмыз? Журналиске ананы жаза ғой, мынаны көрсетпей-ақ қой дейтіндей, полицейлер кім еді?! Әркім өз орнын білуі керек. Генерал кешірім сұрамасын. Ол кінәлі қызметкерлердің погонын жұлып, оларды соттатсын. Сонда дұрыс болады. Құқықтық мемлекетте солай болуы керек. Заңды бұзды ма, жауап берсін. Бұл бір дейік. Екіншіден, қылмыстық істі қозғаған кезде күдік келтірілген бап дұрыс қойылуы тиіс. Айып тағып, істі сотқа жеткізу мәселесін қадағалау маңызды», дейді ардагер журналист Қуандық Оразбекұлы.

Осындай жағдайдың ертең тағы да қайталанбайтындығына кім кепілдік бере алады? Журналистер бұл оқиға бойынша құқық қорғау орындарының әділ шешім қабылдауын, заң талаптарын бұзушылардың тиісті жазасын алғанын қалайды.