Сенатта елімізде инклюзивті қоғам құру бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы талқыланды. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кездесуде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі де кеңінен сөз болды. Іс-шараға сенаторлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, сондай-ақ, осы бағытта жұмыс істеп жүрген ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ақпан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында инклюзивті қоғам құрудың және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырудың маңызына тоқталғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау көрсету қоғамның даму және өркендеу деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін айтты. Бұл бағытта елімізде кешенді жұмыстар қолға алынғанымен, шешімін таппаған түйткілдер де бар екені белгілі.
«Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру әлі де болса өзекті. Оған түрлі үкіметтік емес ұйымдардан келіп түсетін өтініштер дәлел. Сондықтан біз бүгінгі кездесуге барлық мүдделі тұлғаларды: сенаторларды, мемлекеттік органдардың және осы бағыттағы ұйымдардың басшыларын арнайы шақырдық. Біз өзекті мәселелерді бірлесіп талқылап, бұл саладағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде алдағы бағыт-бағдарды айқындап алуымыз керек», деді Мәулен Әшімбаев.
Осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелесі туралы заң қабылдау екені сөзсіз. Соған сәйкес Парламент депутаттарының қарауына тиісті құжат енгізілгенін айта кеткен жөн. Аталған заң жобасы ерекше қажеттілігі бар жандарды қорғауды және қолдауды көздейді.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 695 мыңнан астам адам бар екен. Оның 60 пайызы (419,8 мың) еңбекке қабілетті жаста. Сенат Спикері қоғамдағы әлеуметтік көзқарас мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өз әлеуетін толық көрсетуге қиындық туғызатын кедергілердің бірі болып қалып отырғанына назар аударды.
«Біз ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қатысты қоғамдық сананың түбегейлі жаңаруына ықпал ететін, қалыптасқан стереотиптерді және кемсітулерді толық жоятын шараларды заңнамалық тұрғыдан бекітіп, қабылдауымыз керек», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін, оған барлық мүдделі тараптардың өкілдері жұмылдырылатынын атап өтті.
Одан бөлек, бүгінгі кездесуде айтылған барлық ұсыныстар заң жобасын жетілдіру және шешім қабылдау барысында ескерілетінін де айтты.