Несие тарихы банк секторындағы аса нәзік мәселе санатына жатады. Оны мүлде жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ жақсартуға болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелеу сегментін реттеу және халықтың борыштық жүктемесін тежеу туралы мәлімдемесінде осы мәселеге назар аударған.
Қандай жеңілдік жасалады?
Агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, егер мерзімі 90 күннен асқан несие өтелсе, онда қарыз алушының мәртебесі «сауықтырылған» болып өзгереді. Алайда банк бәрібір клиентті тәуекелі аса жоғары деп бағалап, жаңа несие бермей қоюы мүмкін.
– Сауықтырудың жаңа механизмі заем алушыға несие бюросы жүйесінде «сауықтырылған» мәртебесін беруді қарастырады. Бұл мәртебе азаматтардың банктер мен өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемесін адал атқаруын растап тұрады. Мәртебені алу үшін қандай да бір құжат талап етілмейді. Процедураны несие бюросы мерзімі өткен қарыз төленгеннен соң 12 айдан кейін және осы кезең ішінде басқа да қарыздардың болмауы жағдайында жасалады, – дейді Н.Әбдірахманов.
Оның айтуынша, мерзімі өткен борыштың өсуіне жол бермеу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер бойынша айыппұл мен комиссияларды есептеуге тыйым салатын шаралар қабылданған. Бұл мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар азаматтарға қатысты.
– Былтырдан бастап реттеуші борыштық жүктеменің коэффициентін белгіледі, оған сәйкес, егер кредит бойынша төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50 пайызынан асса, банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыларға тұтынушылық қарыздар беруіне тыйым салынады. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін кірістер мен мүлік туралы сенімді мәліметтер негізінде бағалауы қажет болады. Мұнымен қоса, банктер мен МҚҰ-ның тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруіне жол бермеу үшін капитал резервін 150 пайыздан 300 пайызға, екі есе көбейту түрінде банктердің меншікті капиталының тұтынушылық кредиттерге жеткіліктілік коэффициенттері ұлғайтылды, – дейді агенттік өкілі.
Қазақстанда тұтынушылық қарыздар бойынша мерзімі 90 күннен асып кеткен берешек деңгейі 6,9 пайызға дейін төмендеген. 2019 жылы ол көрсеткіш 8,6 пайыз болған. Н.Әбдірахмановтың сөзінше, ел арасындағы несиелендіру деңгейі негізінен ипотекалық қарыздар есебінен артып жатыр.
Несие тарихын қалай білсе болады?
Қазақстанда несие тарихын білудің бірнеше жолы бар. Egov.kz электронды үкімет порталы немесе алғашқы несие бюросы арқылы несие тарихыңызбен таныса аласыз.
Ең оңай әрі ыңғайлы жолы – электронды үкімет порталындағы «Салық және қаржы» бөліміне кіріп, тиісті өтінішті толтырып, ЭЦҚ кілтіңіз арқылы қол қойып, кейін жеке кабинетіңізден нәтижесін көру. «Кредит бюросы және Қазақстан Республикасындағы несие тарихының қалыптасуы туралы» заңға сәйкес, кредиттік бюро субъектінің несие тарихы туралы ақпаратты соңғы ақпарат алынған күннен бастап 10 жыл бойы сақтай алады.
NPL деңгейі
Ұлттық банк дерегі бойынша, ақпан айында мерзімі 90 күннен асып төленбеген несие көлемі азайған. Мерзімі өткен несие деңгейі 60 млрд-тан 26 млрд теңгеге төмендепті. Ақпанның қорытындысы бойынша NPL 6,92 пайызды құрап отыр. Мерзімі өткен несиелер (88,3 пайыз) мен жұмыс істемей тұрған несиелер (NPL – 86,3 пайыз) бойынша банктер арасындағы ең жоғары көрсеткіш Capital Bank еншісінде. Екінші орында – 43,5 пайызбен Jusan Bank. «Цеснадан» қалған «мұра» Jusan-ның антирейтингте алға шығуына әсер еткен сыңайлы. NPL деңгейі 22,7 пайызды құрайтын Пәкістан банкі үштікті түйіндеп тұр.
Ал Moody’s дерегінше, қазақстандық банк секторындағы проблемалық қарыздар үлесі 18 пайыздан асып кеткен. Агенттік болжамынша, жыл соңына дейін NPL үлесі 16 пайыздан жоғары болады. Бұған себеп – банктердің шағын бизнесті несиелеуі мен тұтынушылық несиелендіруді арттыруы.