• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ӨНДІРІСТІҢ ДАМУЫ

1503 рет
көрсетілді

ТАБИҒАТТЫҢ ТЫНЫСЫН ТАРЫЛТПАУЫ ТИІС Облыста Ерлан Нығматулин бастаған Парламент Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану жөніндегі комитетінің мүшелері В. Котович, М. Итеғұлов, В. Нехорошев, В. Дос­ка­лов, И.Чиркалиндер және басқа да депутат­тар болып, Ақсу және облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Өндірісті өңір үшін күн тәртібінен түспейтін экология, табиғатты қорғау жөнінде көшпелі отырыс та өткізді. Бұл депутаттар тобы осыдан екі жылдай уақыт бұрын да біздің өңірге келіп, өндіріс орындарының экологияны қалай сақтап, қорғап жатқандарын көріп кеткен болатын. Осы жаққа екінші рет бет бұрғандарынан осы екі жылда қандай өзгерістер болғанын анықтауды мақсат етіп қойғандарын білдік. Жалпы, ENRC табиғи ресурстар корпорациясы құрамына енетін өндіріс орындарын аралаған депутаттар көрген-түйгендеріне орай сөз қозғап, көшпелі отырыс барысында қорытынды жасады. Кеңесте корпорацияның бас атқарушы директоры Фелис Вулис корпорацияның құрамына енетін жергілікті “Қазхром”, “Қазақстан Алюминийі”, “Қазақстан электро­лиз зауыты”, “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” сияқты зауыттардың атқарып жатқан істері жайлы мәліметтер беріп өтті. Алыптар тізбегін құрайтын корпорацияда бұл күндері 65 мыңдай адам еңбек етеді. Өндіріс орындарында қоршаған ортаны қорғау жөнінде кәдімгідей экологиялық саясат жүргізілуде деуге болады. Зауыттардың айналасын көгал­дандыру, көріктендіру жұмыстары жүруде. Мы­салы, жаңадан салынған электролиз зауытының айналасына 3,4 гектар жерге ағаштар отырғы­зылды. Бара-бара зауыт аумағының 40 пайызға жуығы түгелдей көгалдандырылып, жасыл желекке, гүлзарларға айналады. Ерлан Нығматулин бастаған Мәжіліс депутаттары екі күн бойы өндіріс орындары­ның табиғатқа тигізетін зиянды жағдайлары туралы жан-жақты мәліметтер алды, өздері көзбен көрген осы залалды қалай жою керектігі жайлы сөз қозғады. Аз да болса, жақсы істер жасалып жатқанына назар аударды. Депутат­тардың пікірінше, жалпы әлемдік деңгейде қолдауға ие болған заманауи технологияларды пайдалану арқылы ғана табиғат тазалығын сақтап қала аламыз. Өңірде өндіріс орындары көп шоғырланғандықтан, олардан шығатын зиянды қалдықтар аз емес. Бұл — адамдар денсаулығына өте зиян. Қоршаған ортаны ластайды. Түрлі аурулар көбейеді. Ақсу қаласындағы “ Еуразиялық энергети­ка­лық корпорация” АҚ-та болған экология және табиғат пайдалану жөніндегі комитет мүшелері бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Станса былтыр 13478 ГВт/сағат электр қуатын өндірді. Бұл күндері корпорация 2016 жылға дейін барлық энергоблоктарды іске қосып, өндіріс орнының қуаттылығын арттыру жолында жұмыс жасауда. Қазір №2 энергоблок қалпына келтірілуде. Бұл өндіріс қуаттылығын арттыру ғана емес, сонымен қатар, экологиялық апаттардың болмауына да оң әсер етеді. Корпорация зиянды қалдықтардан арылу үшін бірнеше электр сүзгіштер орнатқан. Енді бір-екі жылда барлығы 18 электрсүзгіштер орнатылып, Ақсу қаласының үстіндегі түтіндер аз да болса сейілер түрі бар. Әрбір сүзгі бір жылда 7 мың тоннадай өндіріс қалдықтарын ұстап қалатын көрінеді. Ал, депутаттар болса, бір электр сүзгішті орнатудың құны 4 миллион АҚШ доллары шамасында тұратынын білді. Тіпті, өндіріс орнының өзінің балық шаруашы­лығы да бар. Мұнда табан балықтар өсіріледі. Зауыт ішіндегі өсімдік әлемі де көз тартарлық­тай. Бұл мақсатқа жылына 5 миллион теңге бөлінеді. Корпорация қоршаған ортаны қорғау шараларына былтыр 18,6 миллион АҚШ дол­ларын жұмсаған. Зауыттың 70-ке жуық жұ­мысшысы жаңа үй алыпты. Ақсудағы ферро­қорытпа зауыты да табиғатты қорғау жұмыс­тарын жүргізуде. Комитет мүшелері биыл екінші кезегі іске қосылғалы тұрған “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ-та болып, жұмыс­шы­лар қаралатын медициналық орталықты аралап көрді. Зауытта сыртқа шыға­рылатын газ қал­дықтары арнайы қондырғы арқылы сүзгіштерде тұтылып қалады екен. Тағы бір атап өтерлігі, “ENRC PLC” компа­ния­сы бас атқарушы директоры Феликс Вулистің айтуынша, осы зауыт шығаратын А-8, А-85 маркалы алюминий өнімдері былтыр Лондондағы металл биржасында тіркелді. Яғни, сапалық көрсеткіштері барлық жағынан әлемдік талаптарға сай деген сөз. Электролиз және алюминий зауыттарының президенті А. Ибрагимов қоршаған ортаны қорғау бағдарла­ма­сына жылына 700 миллион теңге жұмсала­тынын айтып өтті. Былтыр көп пәтерлі жаңа үй берілді. Биыл да сондай бір үй құрылысы аяқталып қалды. Облыс орталығын­дағы 250 балаға арналған балабақша 1 маусым – Бала­ларды қорғау күні пайдалануға берілмек­ші. Бұл компанияның алға қойған мақсат­тарының бірі, яғни пәтері бар, баласына мектебі, бала­бақ­шасы бар жұмысшы алаңсыз еңбек ете алады. Жастар тұрақты жұмыс табады, орнығып қалады. Бұл мәселелердің түйінді түбірінің шешілуі облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауға кепіл болмақ. Екінші мәселе, өндіріс орындарының табиғатқа тигізіп отырған залалдарына орай төлейтін өтемақы төлемдері, яғни табиғатты ластаушылар жай ырымын жасай салмай, сәйкесінше тиісті қаржыларын төлеп отырулары тиіс. Бюджетке бұдан түскен қаражат, отырыс барысында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқандай, әлеуметтік салаларға жұмсалады. Депутат В.Нехорошевтің айтуынша, жергілікті кәсіп­орындардың өндірістік мәдениеті жоғары екені байқалады. Электролиз зауытының тазалығы мен экологиялық сақтық шараларына көңіл толады. Экологиялық қор құрудың еш қажеттігі жоқ. Бұл үшін экологиялық аудит, міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі экологиялық заңдар жүйесі бар. Соларды орындау керек. Бүкіл әлемде экологиялық талаптар осылай орындалады. Экология және табиғат пайдалану жөніндегі комитет төрағасы Ерлан Нығматулин облыста экологияны, табиғатты қорғауда, жалпы өндіріс орындары­ның осы салада облыс әкімдігімен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарында жақсы өзгерістер бар екенін атап өтті. Жиын соңында ENRC корпорациясы мен облыс әкімдігі өзара әріптестік ынтымақтастық қарым-қатынас орнату бағытындағы меморандумға қол қойды. Енді облыс корпорация бөлген 2 млрд. теңегеге жуық қаржыны түрлі қайырымдылық шарала­рына және жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік салаларды оңалтуға жұмсайтын болады. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.