ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫ ЖЫЛ
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров Түрік Республикасының астанасына парламенттік сапар жасап келді. Ол Анкара қаласында өткен “Түркі дүниесі қарым-қатынастарындағы жаңа қадам: Нахчыван Рухы” симпозиумына қатысты.
2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында түркі тілдес мемлекеттер басшылары тарапынан қол қойылған құжат бүгінде тарихи мәнге ие болуда. Түркі әлемі үшін тарихи маңызы ерекше бұл келісімнің әсері мен ықпалы жыл өткен сайын арта түседі деп сенемін. Симпозиумның осы келісімге арналып отыруы да сөзіміздің айғағы. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері түркі әлемі мен Еуразияда ынтымақтастық пен ықпалдасудың белсенді бастамашысы болып келеді. Мұнда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше зор.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2006 жылы Анталия қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кезекті саммитінде Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен Түркі әлемі Ақсақалдар алқасын құру туралы бастама көтерді. Осы құрылымдар мен Нахчыванда тағы да Елбасы Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған Түркі тілді мемлекеттердің кеңесі Анкарадағы мәжіліске өзек болды. Мен Қазақстан Парламентінің депутаты ретінде Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына ерекше тоқталғым келеді.
Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл маңызды құрылым бүгінде жемісті қызмет атқаруда. Біздің елдердің парламенттері арасында ынтымақтастық нығая түсуде. Сонымен қатар, таяуда Астанада Түркі әлемінің академиясы және ақсақалдар алқасы құрылады.
Міне, осының бәрі Қазақстан тарапының Нахчыван келісіміне бастамашы ғана емес, оны табанды түрде жүзеге асырушылардың бірі екенін айғақтайды. Биылғы жыл – түркі тілдес мемлекеттер үшін аса маңызды жыл. Биыл Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Түркия Қазақстанның бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске жетекшілік жасайды. Сондай-ақ, Еуропа Одағы Парламенттік Ассамблеясына төрағалық етуде. Қазақстан 2011 жылы Түркияның ұсынысымен Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық етуге әзірленуде.
Осы маңызды, тарихи мәні зор беделді ұйымдарға жетекшілік ету барысында түркі тілдес мемлекеттердің өзара ықпалдастығы мен бірін-бірі қолдауы Нахчывандағы келісімнің өміршеңдігін арттыра түседі деп ойлаймын. Бұл біздің баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты.