• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Сәуір, 2021

Сауд Арабиясының «тосынсыйы»

180 рет
көрсетілді

Жақында ОПЕК+ қатысушы елдері министрлер кеңесінің отырысы бейнеконференция форматында өтіп, алдағы үш айда мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге арттыруға келісім жасалды. Бұл дегеніңіз – жаһандық тұтынудың шамамен 2 пайызы. Әжептәуір көрсеткіш. Осы келісім аясында Қазақстан да «қара алтын» өндірісін одан әрі қарай жалғастыра беретін болды.

Отырыс қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері өндірісті мамыр мен маусым айында тәулігіне 350 мың баррельге, шілде айында 450 мың баррельге дейін арттыруға келісті.

ОПЕК+ былтыр мұнай өндірісін шорт кескені белгілі. Ресей қанша жерден келіскісі келмей тулағанымен, өндіріс бәрібір тоқтады. Әйтпесе, жер бетінде мұнай құятын резервуарлар тапшылығы басталу қаупі туды. «Қара алтын» тиеген қанша танкер сол резервуарларға жете алмай, жағалауда қаңтарылды. Профицит дефициттен де жаман. Бұған себеп, әрине, пандемия. Жанымен әуре болған жұрттың көмірсутекке деген сұранысы да күрт азайды. Әлемдік нарықтағы дисбалансты жою үшін ортақ келісім керек еді. Осыған орай ОПЕК+ мамыр-маусым айларында өндірісті қысқартып, мұнай өндіру тәулігіне 9,7 млн баррельді құрады. Қысқарту жыл бойы жүргізіліп, 2021 жылдың қаңтарында тәулігіне 7,2 млн баррельге дейін төмендеді. Былтыр ОПЕК пен ОПЕК+ елдерінің жиынтық мұнай өндірісі тәулігіне 48 млн баррель болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға төмен.

Әлемде пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Вакциналау да ала-құла жүріп жатыр. Еуропа елдері жақын күндері қатаң локдаун енгізуі мүмкін. Сұраныстың былтырғыдай пұшайман күйге түсуі – әбден ықтимал нұсқа. Соған қарамастан, ОПЕК+ елдері бірер күн бұрынғы кездесуде күтпеген шешім қабылдап жіберді. Өндірісін қатаң талаппен тежеп отырған Сауд Арабиясының өзі соңғы сәтте шешімін өзгертті. Алдағы мамыр-шілде айларында ОПЕК+ өндірісті тәулігіне 1,15 млн баррельге дейін ұлғайтып, Эр-Рияд өндірісті тәулігіне 1 млн баррельге дейін қысқартуды кезең-кезеңімен тоқтатады.

Жоғарыда айтылған үш айда өнді­рі­ле­тін 2 млн баррельге тоқталсақ, ОПЕК+ елдері мамыр-шілде айларында жалпы көлемі тәулігіне 1,15 млн баррель (350+350+450) мұнай өндіреді. Мұны бір деп қойыңыз. Уәдесінен тайқып шыға келген Сауд Арабиясының өзі осыншама өнім өндірмекші. Эр-Риядтың қаңтар айында өндірісті тәулігіне 1 млн баррельге қысқартқанын білеміз. Енді осыншама көлем нарыққа қайта оралады. Сауд Арабиясы мамырда – 250 мың, маусымда – 350 мың, ал шілдеде 450 мың баррель өндіруге кіріспек. Бұл ретте Сауд Арабиясының квотасы да өсіп, бір күнде 9,495 млн баррель мұнай өндірмек (қазіргі көлемі – 8,15 млн баррель). Міне, сонда алдағы үш айда ОПЕК+ елдерінің жалпы өндірісі күніне 2 млн баррельге еркін жетеді.

Отырыс болардан бірер күн бұрын ОПЕК+ техникалық комитеті нарыққа болжам жасап, биыл мұнай тұтыну көлемінің тәулігіне 5,6 млн баррельге өсетінін айтқан. Бұл ОПЕК+ бір ай бұрын болжағаннан тәулігіне 200 мың баррельге төмен. Техникалық комитеттің базалық сценарийі бойынша әлемдік мұнай нарығы тапшылыққа ұшырайды. Сұраныс өндірістен тәулігіне 0,8 млн баррельге асып түседі. Ал ОПЕК+ нау­рыз айында тапшылық тәулігіне 1,2 млн баррель болады деп болжаған. Екіншісі – баламалы сценарий. Ол бойынша сұраныс баяу қалпына келеді. Мұндай жағдайда мұнайға деген сұраныс өсімі тәулігіне 4,1 млн баррельді құрайды. Ал тапшылық орнына тәулігіне 0,6 млн баррель көлеміндегі профицит пайда болады.

Осылай дей келе, техникалық комитет локдаунның үшінші толқыны және вакциналаудың баяу қарқыны салдарынан әлемдік сұраныста күніне 300 мың баррель мұнай артылып қалады деп күмән келтірген еді.

ОПЕК+ отырысы болардан аз ғана уақыт бұрын АҚШ энергетика министрі Дженнифер Гранхольм Сауд Арабиясының ханзадасы Әбдел Әзиз бен Салманмен телефон арқылы сөйлескен. АҚШ министрі екеуара келіссөзде жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру, мұнай мен газ өндірісі кезінде метан қалдығын шығаруды азайту тақырыптарын қозғағандарын айтады.

Сондай-ақ ханзада Ресей президенті Владимир Путинмен де сөйлескен. Кремль екі ел басшыларының түрлі маңызды тақырыптар төңірегінде пікірлескендерін айтады. Ішінде мұнай туралы бір ауыз сөз жоқ. Бірақ осы екі хабар алмасудан соң Әбдел Әзиз бен Салманның позициясы оқыс өзгеріп шыға келеді.

«Иә, сұраныс бойынша өсім болжамы төмен. Алайда бұл бар болғаны 300 мың ғана, 3 млн баррель емес. Бұл біздің ОПЕК хатшылығының жан-жақтылығын көрсетеді. Олар бірқатар халықаралық институтқа қарағанда барынша консервативті. Олар ұсынып отырған сұраныс көлемі алдағы бірнеше ай ішінде өндірісті азайтуға ұсыным беруге жеткілікті», деді бен Салман.

Осыдан соң Brent маркалы мұнай бағасы лезде реакция танытып, 3,04 пайызға қымбаттап, 64,64 долларға жетті. WTI мұнайы да қалыс қалған жоқ, 3,6 пайызға қымбаттап, 61,3 долларға жетті.

ОПЕК+ келісімі аясында Қазақ­стан­ның міндеттемесі мамыр айында тәулігіне 1,463 млн баррельді құраса, маусым айында ол 1,469 млн баррельге жетеді. Ал шілдеде тәулігіне 1,475 млн баррель мұнай өндіру көзделіп отыр.