Егер пандемияға дейін Азия елдерінің бизнес деңгейі Еуропамен бәсекелесе алмаса да, коронадағдарыстан кейін құлдыраудың орнына күшейген. Дағдарыс деп атағанымызбен, бұл дағдарыс біреу үшін зиян, біреу үшін пайдаға шыққан жайы бар.
Капиталдың күшті ағынына қарамастан, көптеген әлемдік компания ақшаларын жоғалтып, кейбірінің нарықтық капитализациясы соңғы онжылдықта екі есе төмендеп кеткен. Ал Азия лидерлері постковидтік кезеңде өздерін жақсы сезініп, негізгі бәсекелестерінен ұзап кетудің жолын тапқан.
McKinsey & Company сарапшылары Азия нарығында көш бастап келе жатқан компания топ-менеджерлері арасында сауалдама жүргізді. Олардың барлығы дерлік пандемияны бизнестегі заңдылықтарды жеңілдетіп, жақсы қырына қарай өзгертетін катализатор дейді. Компания сұрағына жауап берген DBS сингапурлік банктің атқарушы директоры Пиющ Гупта халықтың әл-ауқаты мен тұтыну деңгейі жағынан Азия әлем елдерін басып озып барады деп есептейді.
2020 жылдың қарашасында Азия-Тынық мұхит аймағындағы 15 ел жан-жақты экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Олар – Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттер қауымдастығына қарасты 10 ел және Қытай, Жапония, Аустралия, Жаңа Зеландия. Осының нәтижесінде әлемдегі аса ірі сауда аймағы құрылып, бұл өңірдегі елдер арасында интеграцияны нығайта түспек. Азия елдерінің экономиканы бірігіп дамытуына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да себеп болған сияқты.
Forbes-тің жазуынша, Азия пандемия кезінде бизнестегі технологиялық шешімдерді тіптен нығайта түскен. Жоғары деңгейлі цифрлы шешімдердің көбеюі нарықтағы электронды коммерция мен онлайн-банкингтің дамуына айтарлықтай ықпал еткен. Мәселен, Үндістандағы атақты SBI банкінің Yono қосымшасы арқылы адамдар тек банк операцияларын пайдаланып қана қоймай, инвестициясын да басқарады, шопингпен де айналысады. Пандемия басталғалы қосымшаға күн сайын 30 мыңнан астам адам тіркеліп отырған. Ал телемедицинаға арналған Ping An Good Doctor мобильді қосымшасының пайдаланушылары пандемия кезінде 8 есе өсіпті.
Дүниежүзілік банктің зерттеуінше, Шығыс Азия және Тынық мұхит аймағындағы елдер экономикасы 2020 жылы 0,9 пайызға баяулаған. Қытай мен Вьетнам коронавирус инфекциясын қатаң бақылауда ұстап, темірдей тәртіп орнатудың нәтижесінде ІЖӨ-лері тиісінше 2 және 2,8 пайызға өскен. Тез арада өндірісті қайта іске қосу және экономиканы мемлекеттік инвестиция арқылы ынталандыру ел экономикасын жылдам оңалтқан. 2021 жылы бұл аймақтың экономикалық өсімі 7,4 пайызға жетпек. Вакциналаудың тиімді болуы да бизнеске оң әсерін тигізбек.
Орталық Азия елдерінде биыл экономикалық өсімнің қалпына келу деңгейі 3 пайызды құрайды деп күтіліп отыр. Бірінші кезекте Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» ірі халықаралық бастамасының жүзеге асуымен шикізат бағасы мен тікелей шетелдік инвестициялар көлемінде аздаған өсім байқалуы мүмкін.
Банктің бағалауынша, пандемия Оңтүстік Азияға ауыр тиді. Дағдарыстың ауыр соққысынан өндіріс күрт тоқтап, кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі өсіп шыға келді. 2020 жылы Үндістан мен Бангладеште өндіріс көлемі 6,7 пайызға қысқарған. Алғашқы жартыжылдықтағы қатаң шектеулер алынып тасталған соң барып экономикалық белсенділік қалпына келе бастаған. Сондай-ақ табыс көзі тікелей туризмге байланған Шри-Ланка, Непал, Мальдив сияқты елдердің экономикасы қатты зардап шеккен. 2021 жылы өңір 3 пайызға өсім көрсетеді деген болжам бар.
McKinsey & Company серіктесі Дулат Икбаевтың айтуынша, Азия әлемдегі ең ірі өңірлік экономикаға айналып келе жатыр. Бұған әлемдік ІЖӨ үлесінің қарқынды өсуі дәлел.
«Өңірдің төлем қабілеті паритеті бойынша әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2000 жылы 32 пайыз болса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 42 пайызға жетті. 2040 жылға таман 52 пайызға жетеді деген болжам бар. Ал 2000-2017 жылдары төлем қабілеті паритеті бойынша Еуропаның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 26-дан 22 пайызға азайған. Солтүстік Америкада 25-тен 18 пайызға түсіп кеткен. Сондай-ақ Азия тұтыну деңгейі бойынша да дамыған экономикаларға таяп қалды. 2040 жылға қарай Азияның тұтыну үлесі әлемдік тұтынудың 39 пайызына жетуі мүмкін. Жалпы, Азияның ықпалы барлық салада сезіліп жатыр: өңірде халықаралық студенттердің 48 пайызы білім алады. 2017 жылы мұнда әлемдік патенттердің 65 пайызы берілді. Өңірдің энергияға деген қажеттілігі 43 пайызға жетті. Тікелей шетелдік инвестиция үлесі 12-ден 26 пайызға ұлғайды. Азия елдері экономикасы тек жылдам өсіп қана қоймай, қарқынды интеграцияланып жатыр» дейді сарапшы.
Әрине өңірдегі ең ірі ойыншы Қытай екені белгілі. Пандемия қыспаққа алып жатқан сәтте де сыр бермеген бірегей экономика осы елге тиесілі. Бір құрлықта орналасқан мұндай серіктес елдің болуы өңірдегі өзге елдер экономикасына да оң әсерін тигізеді. Алайда АҚШ билігінің өзгеруі және жаңа әкімшіліктің Қытайға қатысты аса жайлы позиция ұстанбай отырғаны тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл Азия елдері үшін қауіп тудырады.