Достастық елдері мұғалімдерінің елордада өтетін құрылтайы менің ой-санама серпін беріп отыр. Себебі, төрткүл дүниедегі мемлекеттердің ішінде адамдардың арасындағы бірлікті тек біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана аузынан естуге болады. Ол адамдардар арасындағы достықты айтып қоймай, сонымен бірге, сол достықтың аясында әр мемлекет өз мүддесін сақтай отырып, ортақ істі кеңесіп істеуді тапсырып келеді. ТМД мұғалімдерінің мына съезі осы сөзіме дәлел бола алады.
Шыны керек, мен КСРО заманында барлық одақтас республикалардың ұстаздарымен тығыз қарым-қатынаста болып, тәжірибе алмасып жүретін едім. Кейін бұл пышақ кескендей тыйылып қалған болатын. Жалпы, білім саласының жақсы нәтижелері шекара таңдамайды. Ұлттық үлгіге бейімдеп, қолдана білсек, одан келер пайда өлшеусіз. Мен қазақ тілі мен әдебиетін оқытқанда әлем әдебиетінен де оқушыларды хабардар етіп отырамын. Әлемдік білім кеңістігіне шықпай, білім саласын биік дәрежеге көтеру әсте мүмкін емес. Қазір қарап отырсаң, сабақ беру тәсіліне өркениетті елдердің үрдісі енгенін аңғарасың.
Ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады дейміз. Ал білім оқушыға берілетін сабақтың негізінде жатыр. Тәрбие де солай. Сабақ жақсы жүрмеген жерде білім болмайды. Кейде біз оқушылардың білімсіздігін өзімізден көрмей, соларға итере салатынымыз бар. Бұл дұрыс емес. Талантсыз ұрпақ жоқ. Тек ұл мен қыздың бойындағы сол талантты дәл тауып баулысақ, бағы ашылады. Жүрер жолы кеңейеді.
Тағы бір айтайын дегенім, біз қазір тәуелсіз мемлекетпіз. Бір замандары өзгеден үйренуді әдетке айналдырғанбыз. Енді Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, “Біздерде мынандай бар, мынандай бар” дейтін кезең келді. Өзгеден үйрене отырып, өзіміздегі барды көрсете білуіміз керек. Бізден де үйренсін. Барымызды көрсін, іргелі ұлт екенімізді танысын. Мен бұған да бір мысал келтірсем деймін. Өзіміз әр ісін үкілеп жүрген АҚШ-та болғанымда, олар Қазақ елінің білім беру әдісіне, әдістемесіне қызығушылық танытып, мектептерінен мұғалімдер жинап, бірнеше күн дәріс оқытты. Әсіресе, ұлттық тәрбиедегі біздің халықтық педагогикамызға ерекше ықыласпен қарады.
Жалпы, ТМД мемлекеттерінің білім қызметкерлері мен мұғалімдеріне арналған бұл құрылтай бір-екі күндік жиын ғана емес, болашақта елдер арасындағы қарым-қатынасты дамытып, оқытудағы үздік тәжірибелерді әр елдің ұлттық менталитетіне қарай жетілдіріп отыруды жүзеге асыратын, өзге жұрттарда да мұндай құрылтайды өткізуді қолға алып, сөйтіп бұрын бар дәстүрді жалғастырсақ құба-құп болар еді.
Қанипа БІТІБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Шығыс Қазақстан облысы.