Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен министрлікке бағынысты мекеме қызметкерлері Түркістан қаласына 300 түп ағаш көшеттерін екті, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамы тұжырымдамасын дайындау және көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі жаңа тұжырымдама тәсілдерін әзірледі.
Бұл бағыттағы алғашқы қадам Мемлекет басшысы жариялаған «Таза табиғат» акциясы болатын. Наурыз мейрамының тәрбиелік шарттарының бірі – табиғатқа ұқыпты қарау, жасыл желектерді сақтау. Бұл күндері дәстүр бойынша арықтар тазаланады, тұрғындар жас ағаш көшеттерін отырғызады.
«Мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмысын Түркістан қаласынан бастадық. Мұндай игілікті жұмыс барлық өңірде жалғасады», деді Ақтоты Рахметоллақызы.
«Наурыз – тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық мерекесі» аясында Түркістан қаласының аумағын абаттандыру, көгалдандыру үшін қолға алынған шараға Туризм және қонақжайлық университеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК, Отырар мемлекеттік археологиялық тарихи-мәдени қорық-музейі" РМҚК басшылары мен қызметкерлері Түркістан қаласындағы жаңа әуежайға баратын жолдың жиегіне ақ қайың, қарағай, бозарша ағаштарын екті.