ҰЛТҚА ТҰЛҒА БОЛАТЫН — БІЛІМДІ ҰСТАЗ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВПЕН ӘҢГІМЕ
– Жансейіт Қансейітұлы, Достастық елдерінің жаңа тарихында тұңғыш рет ТМД мемлекеттерінің білім қызметкерлері мен мұғалімдерінің бірінші съезі алдағы дүйсенбіде өткелі отыр. КСРО келмеске кеткеннен кейінгі бұл қадамға біздің елдің ұйытқы болып, таңдаудың Астанаға түсуі кездейсоқтық емес шығар. – Әрине, Арқа төсіндегі әсем Астана ТМД елдерінің білім қызметкерлерінің бірінші съезіне келген делегаттарды қабылдау мәртебесіне ие болып отыр. Бұл біздің елге көрсетіліп отырған зор сенім. Форумды өткізу туралы идея алғаш рет 2008 жылы ТМД елдерінің білім министрлерінің басқосуында көтеріліп, оны барлық мемлекет өкілдері бірауыздан қолдаған болатын. Съезд шеңберінде қазіргі заманғы білім берудің өзекті мәселелері, нақтырақ айтсақ, білім мен ғылым саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру үдерісін жаңғырту және басқа да көптеген мәселелер талқыланатын болады. Меніңше, қазір тек тәжірибе алып қана қоймай, өз жиған-тергенімізді, көңілге түйгенімізді басқалармен бөлісетін де кез келген сияқты. Бұл өз кезегінде білім арқылы жылы достық қарым-қатынасты дамытуға септеседі. Съезд жұмысына мемлекетаралық ұйымдар мен білім беру басқармасы органдарының өкілдері, ТМД елдерінің белгілі ғалымдары мен жаңашыл-педагогтары қатысады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, ТМД елдері мұғалімдерінің алғашқы съезі жемісті болады деген үміттеміз. – Қазақ елі мұғалімдерінің соңғы съезі 2005 жылы өткені белгілі. Содан бергі уақыт ішінде білім беру саласында айтарлықтай өзгерістердің болғаны анық. Солар туралы таратып айта кетсеңіз. – Иә, одан бері қыруар жұмыс атқарылды. Шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, ұлт бәсекелестігі мен адами капиталды қалыптастырудың негізгі көзі ретінде саналатын педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және даярлау жүйесін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірледік. Қазақстанның 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасына және Болон процесінің шарттарына сәйкес, педагог жұмысының жаңа принципі қалыптастырылып, аттестаттау мен педагогикалық білім сапасын бақылаудың жаңа жүйесі әзірленіп, оқытудың кредиттік тәсілі жетілдірілуде. Педагогикалық кадрлар даярлаудың сапасы мен деңгейі, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру – осылардың барлығы айналып келгенде оқушылардың білім деңгейіне ықпал ететін факторлар. Еліміз мектептерінде 300 мыңнан астам педагогикалық қызметкер еңбек етуде. Жоғары категориялы ұстаздардың үлесі 14 пайыз болса, бірінші категориялылар 29 пайызды құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Соңғы үш жылда білім беру жүйесінің ғылыми-педагогикалық кадрлары мен басшыларының біліктілігін арттыруға тапсырыс артты. Мемлекеттік гранттарды тағайындау кезінде ауылдық жерлердегі білім ұяларын бітірген түлектерге жеңілдіктер қарастырылған. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін олар ауылдық жерлердегі белгілі бір білім беру ұйымдарында кем дегенде үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Бұл өз кезегінде ауылдық жердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал жасайды. Өткен жылы Отанымыз бойынша 5136 педагог ауылдық жерге жұмысқа барды. Мұғалімдерді материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылып жатыр. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2009 жылдан бастап ауылдық жерге жұмыс істеуге ынта танытқан жас мамандарға 90 мың теңге көлемінде көтермеақы төленсе, 2010 жылдан бастап үй алу үшін 900 мың теңге бөлу қарастырылып отыр. Педагогикалық білімнің сапасына қатысты айтатын болсақ, мұғалімдеріміздің еңбегінде біраз ілгерілеушілік бар. Биылғы жылы Астанада 51-ші Халықаралық математикалық олимпиада өтеді. Бұл әлем мемлекеттері арасында шын мәнінде зор бедел әкелетін форум. Оған төрткүл дүниедегі 100-ден аса елдердің дарынды жас математиктері қатысады. Бұл Қазақстанның дарынды балаларды қолдаудың мемлекеттік жүйесін құрудағы көшбасшылығын мойындау деген сөз. Оның тиімділігін халықаралық жарыстарға қатысып, жеңістерге жетіп жүрген мектеп оқушыларының нәтижесінен көруге болады. Әлемдік деңгейде басқа да қол жеткен жетістіктер бар. Қазақ елінің халықаралық аренадағы ірі табысы ретінде 2009 жылы жарияланған математика мен жаратылыстану пәнінен халықаралық TІMSS салыстырмалы зерттеу қорытындысын айта аламыз. Дегенмен, оқытудың сапасын арттырып, мектептердің әлемдік стандартқа көшуіне әлі де талпынуымыз қажет. Бұл жердегі басты үміт бұрынғыдай мұғалімдерге артылады. – Еліміздің білім беру жүйесінде педагогикалық кадрлар мен мектеп секторын даярлау басым бағыттардың бірі болып саналады. Осы бағытта қаншама жаңа білім ордалары салынды. Педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің саны көбейіп жатыр. Мұғалімдердің жалақысы артуда. Дегенмен осы саланың тереңдете түсетін, ұзақ жылдарға арналған мәселелері жоқ емес шығар? – Республикада 7801 мектеп жұмыс істейді, оның 85 пайызы 1990 жылдарға дейін бой көтерген ғимараттар болса, 36-сы 1970 жылдардың еншісінде. Сондықтан жыл сайын “апатты жағдайдағы” мектептер анықталады да оқушыларға орын жетіспеушілік осыдан келіп туындайды. “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған уақыттан бастап бұл салада айтарлықтар оң өзгерістер пайда болды. Тек 2007-2009 жылдардың өзінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 250 мектеп салынды. Әйтсе де, ол әлі де болса аздық етеді. Себебі, уақыт бір орнында тұрмай, алға зымырайды. Ұрпақ өсіп келеді. Біз де сол уақыт көшінен қалыспай, заман үрдісінен шыға білуге талпыныс жасап жатырмыз. Сандық көрсеткіштерді жақсартумен қатар, біз жаңадан жабдықталған мектепте педагог өзін жайлы сезінетін күнге жеткізуіміз керек. Бұл осал міндет емес. Міндет — соны кешіктірмей орындап шығу. Ал мұғалім болса өз кезегінде оқытудың технологы бола отырып, тәрбиеленушіге тиянақты білім беруі шарт. Ол мұғалім кәсібінің негізгі өзегі. Оқушы болса – мұғалім болады, мектеп те болады емес пе? – Қашанда білімнің қайнар көзі саналған оқытушылардың қабілеті білім, білігіне тәуелді дейміз. Бірақ мұғалім туралы алып-қашпа әңгіменің бары жасырын емес... – Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Бүгінде мұғалім білімнің тек қайнар көзі болып қалған жоқ, оның рөлі де өзгере түсуде. Қазір қабілетті, мықты ұстаздар жоғары бағаланып отыр. Педагог ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игере алуы керек. Өзі үшін тиімді әрі қолайлы педагогикалық әдістерді таңдай білуі қажет. Осы арқылы балаларды оқыта отырып, өзі де жаңа білімді игеріп, жаңа үрдіске ілесе алуы шарт. Сонда ғана әлгі алып-қашпа әңгіме су сепкендей басылады. – Педагог кәсібінің жастар арасында аз сұранысқа ие болуын мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесінің төмендігімен байланыстыратынымыз бар? Мұғалімдерді неге мемлекеттік қызметкерлер категориясына жатқызбасқа? – Шынтуайтына келгенде, мұғалімдердің мәртебесін басқа бір категорияға жатқызудың қажеті шамалы. Мұғалім қызметі мемлекеттік қызметкерлер қызметімен ұштаспайды, бұл деген мұғалімдер жауапкершілігі аз деген сөз емес. “Білім туралы” Заңға біз еліміздің тарихында алғаш рет мұғалім мәртебесі туралы бап енгіздік. Бұл бапта педагогтардың жұмысын жемісті етудің, ынталандырудың құқықтық тетіктері қарастырылған. Тек соны талап етсе болғаны. Ал енді “осал тұстарға” келетін болсақ, бұл баршамызға белгілі. Педагогтардың біліктілігін арттыруға қыруар грант бөлінеді. Ауылдық жерлердегі мұғалімдерді қолдау, олардың денсаулығын жақсарту да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қазіргі күні мұғалімдер мәртебесін арттыру үшін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол – мұғалімдер жалақысын орташа жалақы көлеміне жеткізу. Ваучерлік қаржыландыру деген жаңа ұғым енгізбекшіміз. Бұл “ақша мұғалім соңынан жүреді” деген қағидат бойынша біліктілікті арттыру. – Қазіргі кезде мұғалім тек жан-жақты білімді ғана емес, сонымен қатар, ол менеджер бола білуі тиіс деген де сөз айтылады. Осының тәжірибеде жүзеге асуы қалай? – Бұл ретте алдымен педагогикалық кадрларды қолдап, мәртебесін арттыру маңызды. Республика көлемінде білімді дамытуға арналған институттық база құрылды, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жұмыс істейді, Педагогикалық ғылымдар академиясы бар, республикалық және облыстық (қалалық) біліктілікті арттыру институттары қызмет етеді. Мектептерде зерттеу мен бағдарламалары тиімді енгізіліп, жемісті жұмыс істеп жатқан педагогтарымыз бар. Олар: Қ.Бітібаева, А.Миразова, Б.Баулы, Е.Очкур, З.Ахметова, А.Садуақасов және басқалары. – Мұғалімдер сабақтастығы деген жақсы ұғым бар. Аға буын зейнетке кетеді. Ал соңғы жиырма жылда мектеп саласына түрлі эксперименттер жасау нәтижесінде жаңа буын оқытушылар келді. Осыдан келіп біліктілік туралы әңгіме шығады. Оны арттыру қандай жағдайда қазір? Және осы бойынша ТМД-лық әріптестермен бөлісеріміз бар ма? – Қазақстанда біліктілікті арттыру жүйесі сақталып қалды. Әр облыста педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институттары жұмыс істейді. Екі жүзден астам қалалық және аудандық әдістемелік кабинеттер бар. Жеті аймақтық педагогикалық жоғары оқу орнында біліктілікті арттыру орталықтары қызмет етеді. Осы барлық әдістемелік қызмет желісі Білім және ғылым министрлігіне қарасты білім жүйесіндегі ғылыми-педагогикалық кадрлар мен басшылардың біліктілігін арттырудың республикалық институтымен үйлестіріледі. Институт өз ерекшеліктеріне сай негізгі бағыттар атап айтқанда, он екі жылдық білім беруге көшу, көптілділік, оқытуда жаңа технологиялар енгізу, қашықтықтан оқыту, т.б. бойынша жұмыс істейді. Бұл мемлекеттің білім беру саясатын нығайтады, жаһандық білім кеңістігіне ену үшін жағдай туғызады, заманауи оқу-тәрбие үдерісін әдістемелік сүйемелдеу жағынан қамтамасыз етеді. Педагогтардың инновациялық жобаларды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуіне ықпал жасайды. Біліктілікті арттыру жүйесінің қызметкерлері түрлі халықаралық, үкіметтік емес ұйымдар, жекелеген ғалымдармен ынтымақтастық орнатқан. Бұл біліктілікті арттыру институтының жұмыс сапасын жетілдіруге әсер етеді. Білім берудің әр жүйесі өзінше аймақтық, ұлттық болып ерекшеленеді. Сондықтан әр кез тәжірибе алмаса беру мүмкін емес. Біздің біліктілікті арттыру жүйеміздің жарты ғасырлық тарихы бар, өзіндік ғылыми-әдістемелік мектеп қалыптасқан. Бұл бізге көптеген міндеттерді шешуге көмектеседі. – ТМД елдерінің білім қызметкерлері мен мұғалімдердің бірінші съезінен не күтеміз? Бұл дәстүрлі кездесуге айнала ма? Ондағы Қазақстанның рөлі қандай? – Съездің негізгі мақсаты – ТМД-ның барлық елдерінің білім беру жүйесін жақындастыру. Бұл форум жалпы білім беру кеңістігін дамытуға, мектептік білімнің сапасын арттыруға бағдар береді. Нарық жағдайында білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін күш жұмылдыруға септеседі. Жаңашыл-педагогтардың жетістіктерін кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Жалпылай алғанда барлығымыздың неғұрлым тығыз жұмыс істеуімізге көмегін тигізеді. Мектеп түлектерінің орталық тестілеуден өтуін ұйымдастыруда тәжірибе алмасу аса маңызды. Білім мазмұндағы қиын деңгейлер мәселесін талқылау, оның уақыт талабына сәйкестігін айқындау да аса қажет. Әрине, біз Достастық елдерінің орта білім берудегі қалыптасқан жағдайын зерделейміз. ТМД елдері білім қызметкерлерінің алғашқы форумын Астанада өткізу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндет – пікірталас кеңістігін құру, қиын сұрақтарға бірлесе жауап іздеу. Осындай маңызды педагогикалық форум алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.