Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Женевада өткен брифингте 220 мемлекеттің 194-інде коронавирусқа қарсы вакциналау басталғанын мәлімдеді. «Алайда 26 ел әлі бастаған жоқ», деді ол.
ДДҰ басшысының айтуынша, 26 елдің жетеуі екпе науқанын бастауы мүмкін. Тағы бес ел жақын арада вакцина алуы тиіс. Қалған 14 ел иммундау жұмыстарын түрлі себептерге байланысты бастамаған. Әйтсе де бірқатар мемлекет алдағы уақытта вакциналауды бастауды жоспарлап отыр.
Джонс Хопкинс университетінің дерегіне сүйенсек, әлемде коронавируспен 132,5 млн адам ауырған, 2,8 млн адам қайтыс болды. Қазіргі кезде әлем бойынша ең ауыр эпидемиялық ахуал Бразилияда байқалады. Онда бір тәулікте 4 мыңнан аса адам қайтыс болды. Елдегі Covid-19 құрбандарының саны 337 мыңға жетіп, Бразилия әлемде өлім саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Ушыққан жағдайға қарамастан, Бразилия президенті Жаир Болсонару локдаун мен вирустың таралуын тежейтін кез келген шараның енгізілуіне қарсы шығып отыр.