– Орыс халқының «Ах, Самара, городок» атты тамылжыған тамаша әні айтылғанда, оның әсем әуені мен сұлу сезімге толы сөзіне ерекше елтіп, теңіздей тербелген көрермен көпке дейін Роза апамызды сахнадан жібермей қойды, – деп бастады әңгімесін Ерлан ініміз. – Оның алдында шырқалған – «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Іңкәрім-ай», «Таң самалы» сияқты әндерге де жұрт ұзақ қол шапалақтап тұрып алған болатын.
– Сонда бұл қай кездегі, қай жердегі концерт еді?
– Айтайын. 2006 жылдың мамыр айы. Алматы облысының Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық Мәдениет үйі. Қазақтың ұлы әншісі, Халық қаһарманы, марқұм Роза Бағланова жеке концертін берген.Сондағы жиналған елдің көптігі-ай, залда ине шаншар орын жоқ, түрегеліп тұрғандар да аз емес еді. Халықтың сүйікті әншіге, оның өнеріне деген шын махаббатына, шынайы құрмет-сыйына куә болдым мен сол кезде. Куә болып қана қоймай қызметтік міндетіме сай (аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакциясына фототілші болып орналасқаныма бір-екі жыл өткен) ол кісіні бірнеше рет суретке де түсірдім.
– Ал, мына суретте Роза Тәжібайқызымен өзің қатар тұрсың ғой...
– Иә, оның мән-мәнісі былай. Концерт аяқталғаннан кейін ел алдына шығуға дайындалатын бөлмесіне келіп: «Роза апа, мен де сізбен суретке түсейінші» дедім ұялсам да батылым жетіп. Алдында суретке түсіріп жүрген мені жақсы байқап қалған болуы керек, жайдарылана күліп: «Кел, келе ғой, айналайын!» дегені. Сондағы қатты қуанғаным-ай! Мынау сол сурет еді. Бұл – менің ең қымбат қазынамның біріндей, сондықтан үйімнің төрінде ілулі тұр.
Ерлан Болатұлы Әлиасқаров әлі күнге дейін аталған аудандық газетте істейді, облыстағы мықты фототілшінің бірі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Құрмет грамотасының иегері. 2020 жылы Алматы облысы әкімінің «Самғау» журналистер байқауының «ең үздік фототілші» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы