Шымкентте күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай даңқты балуанның ізін жалғап, өнерін паш етіп жүрген қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаев салмағы 400 келіге жуық түйені көтерді.
Осылайша қол күресінен Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы, Әлем рекордшысы, Франция, Германия, Өзбекстан, Ресей елдерінде өнер көрсеткен Тимур Даулетбақұлы шаһардағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда орналасқан қазақ толағайының ескерткіші алдында жарты тонна тартар Ойсылқараның тұқымын тік көтеріп, бабалардан жалғасқан бағзы өнерді ел-жұртқа көрсетті.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Тұманбаев, даңқты боксшы, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков Тимурға сәттілік тілеп, Қажымұқан атасының ісін әлемге танытуға тілектестік білдірді.
Түйе көтеруден бөлек, Тимур 25 кило тартатын семсер қылышты бір қолымен ұршықша иіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта жас балуан өнерін Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін арнайы сынақтан өтетін болады.
Алқалы жиында сала басшылары ұлтымыз ғана емес, түгел түркіге ортақ күш атасының өнерін дәріптеу, келер ұрпаққа насихаттауда ерінбей еңбек етіп жүрген Тимурдай талантқа қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ШЫМКЕНТ