Ертегілер мен мысалдарда кездесетін ескі бір тәмсіл бар ғой, жақсы һәм жаман жаңалығым бар, қайсынан бастайын дейтін. Біздікі де тура сол кеп. Сүйініш және күйініш. Сүйінетініміз – еліміз бай адамдардың саны бойынша ТОП-10 ел қатарына кіріпті. Әрине, олар кімдер, қайтіп байыды, бұл енді басқа сауал.
Күйінетініміз – елде кедейлер саны да артқан. Табысы ең төменгі күнкөрістен де (34 мың теңге шамасы) төмен азаматтар саны 20 пайызға өсіпті. Дәл осы тұрғыда Қазақстанды «әлеуметтік алшақтық» бойынша да ТОП-10-ға кіргізіп жіберсе әбден лайық.
Сөзіміз дәйекті болу үшін аздап сандарды сөйлетелік. 2020 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз үй шаруашылықтарының саны 140,6 мыңға жеткен. Ондай үй шаруашылықтарында 5 және одан да көп адам бар. Дүниежүзілік банк былтыр жыл соңында Қазақстандағы кедейлер саны 1,5 млн адамға жетуі мүмкін деп болжам жасады.
«2015 жылғы экономикалық құлдырау кедейлік деңгейін өсіріп жіберді. COVID-19 дағдарысы мұндай әлеуметтік теңсіздікті одан әрі асқындыра түсті. 2020 жылы әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары қатты зардап шекті. Өйткені қонақүй, мейрамхана, сауда, көлік секілді қызмет көрсету секторлары осы қалаларда қатты дамыған» делінеді Дүниежүзілік банк баяндамасында.
17 жыл бойы мониторинг жүргізіп келе жатқан «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы қазақстандықтардың үштен бірі өз өмірлеріне риза еместігін анықтаған. Аталған орталық басшысы Гүлмира Ілеуованың айтуынша, респонденттердің көбі мемлекет саясатты жекелеген топтардың мүддесі үшін жүргізеді деп санайды екен. Сауалдамаға қатысушылардың 44 пайызы елдегі экономикалық ахуалды нашар және өте нашар деп бағалаған.
– Респонденттердің 26 пайызы отбасындағы материалдық жағдайды нашар дейді. 2008-2009 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде бұл көрсеткіш 14 пайыз деңгейінде еді. 13 пайызы ақшамыз азық-түлікке жетпейді дейді. Киімге де, тамаққа да қиналмай ақша табатын, бірақ қаржысы ірі тұрмыстық тауар сатып алуға жетпейтіндер үлесі – 31 пайыз. Мұны біз үрейлі қоңырау деп қабылдадық. Өйткені салынып жатқан үйлер мен шығып жатқан қымбат техникаларды сатып алушылар күрт азаяды, – дейді орталық басшысы.
Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов халықтың әдемі цифр мен сөздерге алданбайтынын, сондықтан Конституцияда жазылған «әлеуметтік мемлекет» мәртебесі негізінде жұмыс істеу керектігін айтады.
– Біз үш айдан бері Парламентте балаларға жәрдемақыны, мүгедектерге төлемдерді, зейнеткерлерге зейнетақыны көтеруді ұдайы ұсынып келеміз. Біресе ақша жоқ, біресе минималды деңгейде көтеріп жатырмыз деген жауап келеді. Осы кезде есеп комитеті триллиондаған теңгенің тиімді жұмсалмағаны туралы хабарлайды, – дейді депутат.
Қазір көпшілік тұрғын үй мен қымбат көлікті біржола несиеге рәсімдеуге көшті. Қолма-қол төлеп сатып алатындар сирек. Дәл қазір қарапайым халыққа керегі – инфляцияның төмендеп, азық-түлік бағасының арзандағаны. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ақпанда 7,4 пайызға көтерілген инфляция наурызда қайтадан 7,0 пайызға төмендеген. Бұл 2020 жылдың қыркүйегінен бері тіркеліп тұрған төмен көрсеткіш. 2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция – 7,5 пайыз болып, азық-түлік тауарлары бағасы – 11,3, азық-түліктік емес тауарлар – 5,5, ақылы қызметтер 4,2 пайызға өскен. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асқан.
«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, ұсыныс аясы кеңейгенде ғана инфляция төмендейді.
– Бәсекелестік артқан сайын, инфляция азая түседі. Ал бәсекеге қабілеттілік өндірілген тауардың, жұмыстың немесе қызметтің өзіндік құнына немесе тауар, жұмыс, қызметтің бірегейлігіне тәуелді. Өзіндік құн еңбек өнімділігіне, бірегейлік азаматтық қоғам мен білімнің дамуына тәуелді. Еңбек өнімділігі транзакциялық шығындар мен білімге тәуелді. Транзакциялық шығындар инфрақұрылым мен инвестициялық климатқа тәуелді. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру үшін жақсы инфрақұрылым, жақсы білім және қолайлы инвестициялық климат керек. Инвестициялық климаттың жақсы болмағы жақсы жұмыс істейтін заңға, әділ сот жүйесіне, жетілген салық жүйесіне, сапалы қадағалауға және дұрыс ақша-несие саясатына тікелей байланысты. Біз егер ыңғайлы инвестициялық климат қалыптастырып, білімге жол ашып, азаматтық қоғамды дамыта алсақ, онда бұл еңбек өнімділігінің артып, бірегей өнімдердің жасалуына негіз болады, – дейді банк басшысы.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы, экономист Рахым Ошақбаев «мемлекеттік органдар пайдаланып отырған инфляцияны есептеу механизмі дүкендер мен сауда үйлеріндегі бағадан әлдеқайда алшақ түсіп жатқан болуы ықтимал» деді. Оның сөзінше, азық-түлік бағасының қымбаттауы теңге бағамының әлсіреп, соның салдарынан азық-түлік импортының қымбаттап кетуі туындап отыр.
Statista.com ақпары бойынша, UHNWI (бүкіл әлемде байлығы 30 млн доллардан асатын адамдар) саны өсіп жатыр. Соңғы 12 айда 2,4 пайызға өсіп, 520 мың адамды құраған. 2025 жылға таман UHNWI саны 27 пайызға дейін артпақ. Ал Қазақстанда бай адамдар саны 33 пайызға жетеді деген болжам жасалған.
Статистикасы мен шынайы өмірі қабыса бермейтін, кез келген салада қызмет көрсету ақысы тек қымбаттай беретін, Президент тапсырмасына қарамастан, бюрократия мен жемқорлық дауы басылмай тұрған елде бай адамдардың көбеюі парадокс сияқты. Бір ойланып қарасаң, заңды құбылыста секілді...