• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2021

Нанның қадір-қасиетін ұмытпайық

1506 рет
көрсетілді

Ашаршылық жылдары адамдар тамағына талғажау таба алмай қырылды. Ал замандастарымыз аста-төкке масайрап, қолда бардың қадірін білмей жатқанда, нанның қасиетіне қалай жетпекпіз?

Балауса шақта «нан бар жерде ән бар», «дәнді шашпа, нанды баспа», «нанның ұнтағын жесең, бай боласың» деген сөз­дерді естіп өскен буын ас қаді­рін білсе керек-ті. Қазір қала­да қоқыс жәшігінің маңына қал­та­ға толы нанды тастап кету әдет­ке айналған. Дала академигі Ыбырай Жақаев «әлемдегі ең асыл не?» деген сұраққа еш бөгел­местен «нан» деп жауап бе­ріп­ті. Ал асыл ас қоқыста үйі­ліп жатыр.

Нарықта нанның бағасын көтер­сек, қадір-қасиеті арта тү­сер, бәлкім? Ұлттық статис­тика бю­ро­­сының 2021 жылғы қаңтар-ақ­пан­дағы есебіне сәйкес жекелеген өнім түрлерінің өн­ді­рісі жыл сайын артып ке­леді. Қазақстан бойынша нан бағасы бір жыл ішінде 10,5%-ға өсті. Бірінші сұрыпты бидай наны 9,2%-ға, жо­ғары сұрыпты ұннан пісірілген нан – 13,5%-ға, қара бидай наны 12,6%-ға қымбаттады.

Айта кетейік, былтыр ас атасы 5,7 пайызға, ал биыл 0,3 па­йызға қымбаттап үлгерді. Петро­павл қаласында нан бірден 15 па­йызға шарықтап шыға келді. Халық көп тұтынатын «ерек­ше» сұрыпты нанның бір бөлкесі 91 теңгеден 105 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал кейбір дүкен­дер­де 120 теңгеден сатылады.

Әкімдік қызметкерлерінің ай­туын­ша, бағаның өсуіне бидай бағасы себеп болған. Солтүстік Қазақстан облысында астық қым­бат. Бірақ әлеу­меттік нанның бағасы өзгер­ген жоқ – 61 теңге. Алайда сату­шы­лар «оны ешкім алмайды» дегенді алға тартады. Об­лыста соңғы жарты жылда ас ата­сының нарық­та­ғы бағасы үш рет өзгерді.

Ал бас шаһардағы нанның бағасы әр ауданда әрқалай. Мәсе­лен, елорда маңындағы Көк­тал ауылында бөлкенің бағасы – 105 теңгеден 110 теңгеге дейін құ­был­са, қала орталығында – 130, 150 теңгеден сатылады. Ал оңтүс­тік астанадағы нан бағасы – 120 мен 160 теңгенің арасында ауытқып тұр.

Бұл орайда қалалық және об­лыс­тық атқарушы органдар әлеу­­меттік маңызы бар азық-түлік өнім­­деріне шекті бағаны белгілей алады. Алайда нарықтағы баға біріз­дендірілмегендіктен, тізімге қан­дай азық-түлік кіретіні және са­ту­шыларға шекті бағаны бұз­ға­ны үшін қандай айыппұл салы­на­ты­ны белгісіз. Алдағы қарекет қа­лай болмақ?

Дамыған елдердің озық тәжі­ри­­бесін негізге алсақ, Алма­ния­да күнделікті 3 мыңнан астам түрлі нан мен тоқаш пісіріліп, сатылады. Елдегі орташа көрсеткіш бойынша бір неміс отбасы жылына 42,4 кило нан тұтынады. Мәселен, Штутгарт қаласында багеттер теңгеге шаққанда – 1 500 теңге. Германиялықтарда ұзақ жылдар бойы наубайшы мамандығы кеңінен өріс алды. Қазіргі таңда неміс наубайшы­ла­ры өнімдерін әлеуметтік же­лі­­лер мен көрмелерде жиі жар­намалап жатады. Сөйтіп, кәсі­би дағдыларын жетілдіріп, көп­шіліктің қалауындағы өнім­ді ұсы­нуға тырысады. Ал­ман­иялық­тар­дың ас атасына деген сүйіс­пен­шілігі жыл сайын артпаса, кеміген емес. Сол себепті бұл елде нан-тоқаш өнімдерінің 3200 түрі бар. Осыған байланысты мемлекеттің қолдауымен «Неміс нан институты» құрылып, тоқсан сайын арнайы бақылау жүргізіліп тұрады.

Ал Күншығыс елінде күріш тағамы негізгі өнім болғанымен, кейінгі кездері Батыс иіріміне бет бұрғанын аңғаруға болады. Мәселен, жергілікті тұрғындар дүкен сөрелеріндегі француз ба­геттері мен америкалық тос­тер­лерді жиі сатып алады. Осы орайда бір нанның бағасы иенге шаққанда – 610 теңге.

Ендігі бір мәселе – жылтыр мұқаба беттері мен түрлі әлеу­мет­тік желілерде нанның зияны туралы жиі айтылып жүр. Сәнді диетологтар оны қант диабеті, семіздік және басқа да аурулардың пайда болуымен байланыстырады. Салдарынан оқырман қауым жаңсақ хабар­лар­дың соңынан еріп, тіпті, нан өнімінен бас тартып жатады. Нан өнімінде ағзаға қажетті био­логиялық белсенді қоректік зат­тар­дың бәрі бар. Соның ішінде амин қышқылдары, В1, В2, РР витаминдері, калий, фосфор, магний, кальций, темір минералдары иммунитетті көтеруге оң әсерін береді. Сонымен қа­тар қамырға органикалық қыш­қылдар, дәрумендер, хош иісті және бактерицидті заттар жиналып, ішек микрофлорасын жақсартады. Патоген мен жұқ­па­лы асқазан-ішек ауруларына, дисбактериоз және қант диа­бе­ті­нің алдын алуға ықпал етеді.

Көптің көкейінде жүрген уайымды сейілту үшін нанның қадір-қасиетін арттырған абзал. Тоқ­шылықтың мәуесін тарылтып алмайық.