Қарағанды облысында «жаман тұмауға» қарсы жаппай екпе салу кеңінен жүзеге асырыла бастады. Әуелде бұл іске үрке қараған ағайын қазір вакцина салдырудың қажеттілік екенін ұғына түскен.
Қазір Қарағандыда екпе салдыру емханаларда ғана емес, облыс орталығындағы ірі сауда үйлерінде де ұйымдастырыла бастады. Мысалы, бұл жауапты шаруа Global City сауда-ойын-сауық орталығы мен «Таир» сауда үйлерінде басталып та кетті. Алдағы уақытта мұндай бекет «Абзал» және «Ұмай» сауда орындарында да пайда болмақ.
«Таир» және Global City сауда орталықтарындағы вакциналау бөлмелері барлық қажетті жабдықтармен, атап айтқанда, вакциналарды сақтауға арналған арнайы тоңазытқышпен жабдықталған. Бұл жерде екпе салдыруға ниет білдіргендерге білікті медициналық мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен бірге екпе орталықтарында қажет болған жағдайда жедел көмек көрсетуге арналған арнайы кабинет те қарастырылған. Вакциналау бекеттерінде санитарлық нормалар қатаң сақталады.
Жалпы, облыста бүгінге дейін 115 вакциналау орталығы жұмыс істеп тұр. Оның 12-сі облыс орталығында. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев екпе салдырушылар қатары көбейетін болса, онда қосымша бекеттер ашылатынын мәлім етті. Бұдан бөлек, өңірде вакциналарды тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жабдықталған жылжымалы медициналық топтар ұйымдастырылған. Олар еңбек ұжымдарын вакциналаумен айналысады. Мысалы, қазірдің өзінде «АрселорМиттал Темиртау», YDD Corporation және Qaz Carbon сынды ірі компаниялардың қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы екпе салдыру ісі дұрыс жолға қойылған. Керек болған жағдайда жоғарыда айтқан шағын топтар өңірдің кез келген елді мекендеріне де баруға дайын екен.
Таяуда өңірдің бас дәрігері Г.Тоқсамбаев сәуір айының соңына дейін облысқа вакцинаның тағы 160 мыңға жуық дозасы жеткізілетінін мәлімдеді. Айта кету керек, Қарағанды облысында бүгінге дейін 20 мыңнан астам адам Спутник V екпесінің бірінші компонентін алып үлгерді. Ал екпенің екі дозасын алғандардың саны 10 мыңнан асты.
Өкінішке қарай, қолға алған шараларға қарамастан, облыста коронавирус инфекциясы өршіп келеді. Өткен тәуліктегі мәліметке сай, өңірде 202 адамның індет жұқтырғаны анықталды.
ҚАРАҒАНДЫ