Елбасының Алатау аясындағы ару қалаға әрбір сапары қашанда жан жадыратар, игілікті істерге серпін берер ерекше оқиға. Өткен жылдың сәуір айында келгенінде Нұрсұлтан Әбішұлы: “Алматыны аялап, сүйіп, жақсы көріп жұмыс істеңіздер”, деп жасампаздық үлгі шашып, осынау қалаға деген өз жүрегінің лүпілін білдірумен бірге сол кезде тоқтаңқырап тұрған 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының жолын ашып беріп еді. Мемлекет басшысының Алматыдағы кешегі күнгі жұмыс сапары да айрықша толымды әрі жемісті болды. Ел Президенті “Райымбек батыр” бекетінде метрополитен құрылысының барысымен танысып, “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-тың жаңа орталық кеңсежайын аралап көрді, “Бұқар жырау Тауэрс” тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды, сондай-ақ қалалық әкімдікте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай бір топ ардагерлерге жаңа пәтер кілттері мен марапаттар тапсырды.
Елбасының жұмыс сапарының бағдарламасында метроның бірінші тұруы тегін емес. Көпшілікке мәлім, келешек тұрғысынан алғанда мегаполис үшін аса маңызды осынау нысанның құрылысы бірқатар себептерге байланысты сонау 1988 жылдан бастап тоқтап тұрған болатын. Осы жайды еске салған Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандық қаржы дағдарысының түйткілдеріне қарамастан өткен жылы метроның бірінші кезегін аяқтауға өз тапсырмасымен республика қазынасынан қомақты қаржы бөлінгенін атап көрсетті. Елбасы құрылысы қарқынды жүріп жатқан метрополитен туралы журналистерге өз ойын білдірді.
– Еліміздің экономикалық жағдайы бірте-бірте түзелуіне байланысты біз метро құрылысын қайтадан бастадық. Жағдай әрине, әлі де қиын. Бірақ соған қарамай қаржы тауып беріп отырмыз. 1 сәуірден бастап еліміздегі барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысын 25 пайыз көбейту үшін мемлекет 53 млрд. теңге бөлді. Ол болмағанда біз, әрине, мына құрылысты бітіретін едік. Құдай бұйыртса, жақындап қалдық. Кеңес Одағы кезінде қалып қойған құрылыс. Алматыға керек құрылыс. Былтыр дәл осы кезде Алматыға келгенімде тапсырма беріп, қаражат бөлгізіп жұмыс істеткізгенмін. Міне, биыл жеті станса толық аяқталатын болады. Тек, қондырғылар ғана қалады. Ол жұмыстар да келесі жылы бітіп, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы іске қосылады деп отырмыз. Метро қаланың көлік жағдайы мен экологиясын жақсарту үшін өте қажет. Демек, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін 2011 жыл сонымен бірге Алматы метрополитенінің жылы болып, алматылықтарды үлкен қуанышқа кенелтеміз деп ойлаймын. Метрополитен құрылысының бірінші кезеңін аяқтаған соң оның келешектегі дамуы туралы да ойланатын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Метродағы құрылыс-монтаж жұмысының барысымен Мемлекет басшысын “Алматыметроқұрылыс” АҚ бас директоры Мұрат Өкшебаев таныстырды. Метро құрылысы басталғаннан бері барлығы 117,3 млрд. теңге игерілсе, соның 79 пайызды құрайтын сүбелі бөлігі соңғы бес жылдың үлесіне тиеді. Ал, 2010 жылдың басынан бері республика бюджетінен 19,6 млрд. теңге бөлінсе, 1 сәуірге дейін соның 8,57 млрд. теңгесі игеріліпті. Бүгінге дейін метрополитеннің жерасты ұңғу жұмыстары түгел аяқталған. Жолдың жоғарғы бөлігіндегі 7,4 шақырым жол бетондалған. Жолға рельс төсеу жұмыстары басталды. “Райымбек батыр”, “Жібек жолы”, “Алмалы”, “Абай” және “Алатау” стансаларында негізгі және ішкі құрастыру һәм сәулеттік-көркемдеу, әрлеу-безендіру жұмыстары бітуге таяу қалды. “Байқоңыр” және “М.Әуезов драма театры” стансаларының да негізгі жұмыстары аяқталған.
Бірінші кезектегі жұмыс жобасына енген пайдалану қондырғылары, жылжымалы құрам, біріктірілген тарату және төмендету кіші стансалары, эскалаторлар, жерасты жолы желдеткіштері, лифтілер, мүгедек жандарға арналған жылжымалы электрлі тұғырлар және электр депосы қондырғыларының құрылысы сапалы жүргізілуде. Алғашқы электр пойызы биылғы маусым айында әкелінеді деп күтілуде. Осыларды құрастырып, электр желісіне қосу керек. Бұл мақсаттарға, сондай-ақ дабыл мен өртке қарсы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге қосымша 34 млрд. теңге қажет.
Мамандардың бағалауынша, жер астындағы жолаушы тасқыны тәулігіне 200 мың адамды құрамақ. Қарбалас сағаттарда Райымбек-Фурмановтағы бастапқы бекеттен Абай-Гагариндегі соңғы аялдамаға дейін пойыз небәрі 12 минөтте жүріп өтетін болады. Елбасы “Райымбек батыр” бекетімен танысқаннан кейін: “Мынау Мәскеудегі метрополитеннен ешбір кем емес. Нысанды жеделдетіп қатарға қосу қаланың тынысын кеңейтіп, көптеген басқа да проблемалардың шешімін табуына көмектеседі”, деп атап өтті.
Мемлекет басшысы бұдан кейін Алматыдағы “Қазақстан Халық банкі” АҚ бас кеңсесінің жаңа ғимаратында болып, оны аралап көрді. Сәулет өнерінің жоғары технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып тұрғызылған еңселі ғимарат оңтүстік астананың көрікті архитектуралық келбетін одан әрі айшықтандыра түскендігі сөзсіз. Көпшілік назарын бірден өзіне аударып, әсемдігімен таңдай қақтыратын Халық банкінің зәулім ғимаратында еліміздің ірі қаржылық институтының құрылымдық бөлімшелері өз жұмысын бір жерде тоғыстыра отырып жүргізе алады. Ал мұның өзі өз кезегінде жүйе құраушы ірі қаржылық мекеменің қызметін одан әрі жетілдіріп, бизнес үдерістерін барынша оңтайландыруға мол мүмкіндік туғызатындығы сөзсіз.
“Қазақстан Халық банкі” АҚ-тың басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың пікірінше, “Мемлекет басшысының қаржылық институттың жаңа ғимаратына келуі – банк ұжымы үшін үлкен қуаныш”. “Мемлекет басшысымен кездесу кезінде бүгінгі таңдағы күн тәртібінде тұрған ауқымды міндеттермен қатар, қол жеткен жетістіктер де сөз болды. Бір құптарлығы, бүгінде күрделілік тудырып отырған кейбір жәйттер, Қазақстан банк секторы алдында тұрған мақсаттар туралы сөз қозғауға мүмкіндік туды” деп түйіндеді Үміт Болатханқызы өз ойын.
Шын мәнісінде де “Қазақстанның халық банкі”АҚ елімізде қаржылық дағдарысқа байланысты қалыптасып отырған экономикалық күрделіліктерге қарамастан өзінің жүйелік желісін одан әрі дамыту және филиалдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жүйелі түрде көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде Астана мен Теміртау қалаларындағы аймақтық филиалдардың жаңа ғимараттары бой көтеріп, пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жаңа ғимаратының құрылысы аяқталмақ. Өткен жылы “Халық” қаржылық тобының активтер көлемінің 22,5 пайызға ұлғаюы, сондай-ақ Халық банкінің халықаралық қаржылық басылымдардың марапаттарына ие болуы да көп нәрседен хабар берсе керек.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев “Бұқар жырау Тауэрс” тұрғын үй кешеніне келіп, оның құрылысымен танысты. Есентай өзені аймағында, Іле Алатауы баурайында орналасқан 22 қабатты тұрғын үй кешені құрылысын тұрғызумен “TS Engіneerіng Group” компаниясы айналысқан. Елбасын тұрғын үй кешені алдында қарсы алған компанияның басқарма төрағасы Серік Төлбасов бұл ғимараттың ең озық инженерлік жүйелермен жабдықталғандығын айтып берді.
Анығырақ айтқанда, зәулім жаңа ғимаратта тұрғындарға ең қажетті жабдықтар – күзет және өрт дабылы, бүгінгі күн талабына жауап беретін сәнді де сапалы коммуникациялық желілер орнатылған. Бес жүзден астам пәтері бар тұрғын үй кешенінде супермаркет және үлкен автопаркинг те бар. Компания басшысының айтуынша, ірі тұрғын үй кешені үлескерлік құрылысты қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында “Самұрық-Қазына” қоры және “Қазкоммерцбанк” АҚ-тың көмегімен бой көтерген. Мемлекет басшысы өз кезегінде мемлекет қаражатының өз орнымен жұмсалып, тұрғындардың сапалы да сәнді баспанаға қолдары жеткеніне ризашылық білдірді. Жаңа кешеннің тұрғындарымен кездесіп, пікірлескен Елбасына көпшілік өз алғысын білдірді. Жаңа баспана қоныс тойын тойлағандар көңілінен шығуда.
Елбасы бұдан соң қала әкімдігінде Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерімен кездесті. ХХ ғасырдың ең алапат соғысының жеңімпаздарын құттықтай сәлемдесіп тұрып, қазір еліміз Ұлы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алуға әзірленуде. Соғыс ардагерлерінің басым көпшілігі Алматыда тұратындықтан, мен Жеңісті ұрыс алаңдарында қан кешіп жүріп сомдаған қарт сарбаздармен кездесуімді осы қаладан бастауға ұйғардым, деп бастады сөзін Мемлекет басшысы. Сол қырғын соғыста көп күттірген Жеңіске қол жеткізіп қана қоймай, ардагерлер бейбіт өмірде де өздерінің ерлік үлгісімен, ізгілікті қасиеттерімен жастарды отансүйгіштікке, төзімділік пен ынтымақшылдыққа баулып келеді, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Соғыс біткеннен кейін нақ солар, елге оралған солдаттар жаңа қалалар салды, Қазақстанның соғыстан кейінгі экономикасын көтерді. Сіздер енді еліміздің тәуелсіздігінің, оның жылдан-жылға өсіп отырған абырой-беделінің ұйытқысы әрі куәгері болып отырсыздар, деп жалғады өз сөзін Мемлекет басшысы. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танымал. 57 елдің басын біріктіріп отырған ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымның тізгіні Еуропа мен Азия тарихында тұңғыш рет біздің мемлекетімізге сеніп тапсырылуы тегін емес. Қазақстанның бүкіл сыртқы саясаты сияқты, менің жақындағы АҚШ-қа, Вашингтонға барған сапарым да біздің халықаралық мерейімізді үстем ете түскені анық. Менің барлық қызметім экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сайып келгенде, адалдық пен сенімге, сындарлы байыптылыққа негізделген Қазақстанның абырой-беделі бізге инвестиция тартуға, қазақстандықтар өмірінің жылдан-жылға жақсаруы үшін қаржы-қаражат табуға көмектеседі.
Елбасы ардагерлерге тұрғын үй құрылысын қарқындатуға бағытталған мемлекеттің игі істері жайында әңгімеледі. Айталық, Қазақстандағы бүкіл тұрғын үй құрылысының 16 пайыздан астамы Алматы үлесіне тиеді. Мұндағы үлескерлер саны да көп. Қаржы дағдарысына және үлескерлердің келісім-шартты жеке меншік құрылыс компанияларымен жасасқанына қармастан, мемлекет осы орайда қалыптасқан түйткілді ахуалға кірісіп, алданған адамдарға көмектесу мақсатында қаржы бөлді.
Әкім Ахметжан Есімов Алматы Қазақстанның ең ірі қаласы ретінде елдегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, барлық салық түсімдерінің үштен бірін, көтерме және бөлшек операциялар көлемінің 50 пайызға жуығын және ішкі сауда айналымының алтыдан біріндейін қамтамасыз етіп отырғанын тілге тиек етті.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің үлескерлерді қолдау орайындағы шешіміңіздің арқасында соңғы екі жылда 56 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Сөйтіп, 8106 үлескердің проблемасы шешілді, – деп мәлімдеді әкім. – Қазір 33 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Биыл тағы 4625 адамның мәселесі шешімін таппақ. Келесі 2011 жылдың соңына қарай үлескерлердің қатысуымен тұрғызылып жатқан соңғы үйді аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Қала экономикасын тұрақтандыруда өткен жылдан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Жол картасы” мен дағдарысқа қарсы қалалық бағдарлама маңызды рөл атқарғанын атап өткен абзал. Осы бағдарламалар аясында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу, жаңа жұмыс орындарын ашу, салықтарды толық төлеу жұмыстары ойлағандай жүргізілді. Соның нәтижесінде, 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді, өнеркәсіп өндірісінің қарқыны артты. Негізгі капитал мен құрылысқа салынған инвестициялардың көлемі молайды. Тіркелген жұмыссыздық деңгейі тұрақтанып, ол көрсеткіш қазір Алматының экономикалық белсенді тұрғындарына шаққанда 0,7 пайызды құрап тұр. Соңғы жеті жылда инфляцияның ең төменгі деңгейі тіркелген.
Елбасы 2011 жылғы Азиада нысандарының құрылысына үлкен көңіл бөлді. Бұлардың қатарына биік таулы Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, шаңғы тұғырлары кешені, Орталық стадион және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы кіретіні мәлім. Азиадаға дайындық жайы энергетика нысандары мен көлік жүйесін кешенді дамытуды қарастырады. Осыған байланысты Азиада нысандары мен метроны энергиямен қамтамасыз ету үшін бес кіші станса салынуда. Сонымен қатар қала экологиясы үшін маңызды, күл мен түтінді, зиянды қалдықтарды азайтатын екі жоба іске асырылуда. Биылғы жылы энергетиканы дамытуға мемлекеттік бюджеттен 35,2 млрд. теңге бағытталған.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, ардагерлерді қолдау жөніндегі барлық әлеуметтік міндеттемелерін қала толық көлемде орындап шықпақшы. Республикалық іс-шаралармен қатар мегаполисте соғыс ардагерлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсетуге, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер шығынын толық өтеуге қаражат бөлінген. Бір реттік материалдық көмек орайында 25 мың теңгеден берілмек. Сонымен бірге қала бизнесінің белсенді қатысуымен ардагерлерге қолдау көрсететін арнайы баспана қоры құрылған. Соның нәтижесінде, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж 123 ардагер жаңа пәтерлердің кілтін алмақшы.
Жеңіс күнін мерекелеуге республикалық бюджетте соғыс ардагерлері үшін барлығы бірнеше жүздеген миллион теңге қарастырылған. Соның ішінде олар өз қалаулары бойынша өздері шайқасқан жерлерге және қаруластарымен, майдандас достарымен кездесуге барып келе алады. Бір реттік жәрдемақылар қарт солдаттарға ғана емес, тыл еңбеккерлері мен оралмаған боздақтардың жесірлеріне де берілмекші.
Президент қазақстандықтар арасынан 500 адамның Кеңес Одағының Батыры, жүзден астамы Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық иегері болғандығын мақтан тұтатындығын атап көрсетті. Батыр атағын екі мәрте алған ерлер де бар. Олар ешқашан ұмытылмайды. Сонымен бірге қазақстандықтардың жалпы қаһармандық эпопеясы да ұмытылмауға тиісті, деп жалғады өз сөзін Мемлекет басшысы. Сол себептен де біз өзіміздің ортақ Жеңісімізді мерейлене тойлаймыз. Сіздер сол Жеңісті шыңдап, ауыр соғыс жылдарында достық, өзара құрмет пен келісім, ынтымақ пен бірлік болмайынша Жеңістің де болмайтынын дәлелдеп шықтыңыздар. Сондықтан, біз халықтар арасындағы достық пен бауырластықты одан әрі нығайтып, отаншылдықты бекіте бермекпіз. Біздегі осынау ұлы достық пен татулықтың берік негізін қалаған да нақ сіздерсіздер.
Мемлекет басшысы соғыс пен тыл ардагерлерін алдағы Жеңіс күнімен құттықтап, оларға Жеңістің 65 жылдығына байланысты арнайы Жарлықпен шығарылған естелік медальдарды, сондай-ақ жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті. Өз кезегінде ардагерлер Елбасы қамқорлығына риясыз көңілден алғыстарын айтып, жүз жаса деген тілектерін жеткізді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Бақыт БАЛҒАРИНА, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.