Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тарихи нысандарды қайта құру мен қалпына келтіру барысында әуесқой көзқарасқа жол берілмейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Түркістан жері Сауран, Отырар қалашығы, Гауһар ана кесенесі, Бірлік төбе және басқа да тарихи нысандарға толы. Барлық тарихи деректерге сәйкес қайта құрылып, объектілерді жаңғырту мәселесінде әуесқой көзқарасқа жол берілмейтінін ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі атақты ғалымдар мен білікті мамандарды тарта отырып Ғылыми-әдістемелік кеңесін құрды. Оның шеңберінде әрбір мәселе алдын ала талқыланады, жан жақты қолдау мен сүйемелдеу көрсетіледі. Тарихи нысандарды қайта құру мен қалпына келтіру және археологиялық жұмыстар өз нәтижесін беруде», деді А. Райымқұлова «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы барысында.
Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанды туризм астанасы ретінде қалыптастыру туралы тапсырмасын орындау барысында бүгінде аталған өңірде тарихи ескерткіштер, жаңа мәдениет, спорт және туризм нысандары салынғанын атап өтті.