Қазақстан автобизнес қауымдастығының (ҚАБҚ) деректері бойынша, 2021 жылдың үш айында ел аумағында жалпы құны 140,4 млрд теңгеден асатын 19 848 бірлік техника шығарылған. Бұл көрсеткіштердің 66%-ы «СарыарқаАвтоПром» зауытына тиесілі.
Үш айдың қорытындысы бойынша Қостанай автомобиль зауыты 13 063 бірлік техника шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,7% -ға артық (9 694 бірлік).
Өсім өңірде шығарылатын Chevrolet автомобильдеріне деген белсенді сұраныстың нәтижесінде болып отыр. Бұл көліктер бүгінгі таңда қазақстандық нарықтағы ең көп сұранысқа ие автомобильдер тізімін бастап тұр. Бірінші тоқсанда осы брендтің 10 153 бірлігі өндірілді.
«Біз үнемі автомобиль өндірісінің деңгейін көтеруге ғана емес, сонымен бірге жергіліктілендіру деңгейінің жоғарылаған заманауи өнімдерін шығаруға да ұмтыламыз. Осы бағыттардағы даму бүгінде Қазақстан нарығы туралы ғана емес, экспорт туралы да айтуға мүмкіндік береді. Сонымен, жыл басынан бері 2 мыңға жуық өнім шетелге жіберілді», деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.
2020 жылы зауыт өнімділіктің рекордтық деңгейіне қол жеткізді – 40 050 бірлік (елдің барлық техникасының 51,7%-ы). Биыл кәсіпорын қолданыстағы Jac, Chevrolet, UAZ және MAN брендтерінің жоғары сұранысына ғана емес, сонымен қатар жаңалары іске қосуға сүйене отырып, осы көрсеткіштерден асып түсуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар 2021 жылғы наурызда зауыт KIA автомобильдерін шығаруды бастады. Өткен айда Қостанайда «СарыарқаАвтоПром» мен «АвтоВАЗ» арасында серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстанның ірі автомобиль зауытының биылғы жоспарланып отырған көлемі отандық өндірушілерге жылына 100 мың бірлік техника белгісіне шығуға мүмкіндік береді.