Апатты үйлерімен аты шыққан Жаңаөзенде «апатты» санатына жатпағанымен, ескі үйлердің де жағдайы жақсы емес. Кейбірінде орын алған оқыс оқиғаларымен бұл үйлер «апаттыға» сұранып тұр деуге де болады. Жуырда мұнайлы қаладан ескі үйлерге жөндеу жүргізу басталды деген жағымды жаңалық келіп жетті.
Тұрғындары күрт көбеюі салдарынан әлеуметтік мәселелері күн тәртібіне көтерілген Жаңаөзен қаласында 262 көп пәтерлі тұрғын үй бар және оның ішінде 52 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 1967-1971 жылдары пайдалануға берілген бұл үйлерге содан бері күрделі жөндеу жасалмаған.
– Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында 2018 жылы Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен 25 көп пәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 257 млн теңге қаражат бөлінген болатын. Осы қаражаттың 74 млн теңгесі аталған тұрғын үйлерге құрылыс-техникалық зерттеу жүргізуге, энергоаудит жасауға, жобалық-сметалық құжат әзірлеп, ведомстводан тыс сараптама қорытындысын алуға жұмсалды. Сараптама қорытындысына сай, күрделі жөндеу жұмыстарының құны 1,6 млрд теңгені құрайды, – дейді Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сүйіндік Мұхамедов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бөлінген қаражаттың қалған бөлігіне, яғни 183 млн теңгесіне 3 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында аяқталады деп жоспарланған.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында көп пәтерлі тұрғын үйлердің тіреу конструкциялары, баспалдақтары, шатыры жаңартылып, ішкі инженерлік желілері толық ауыстырылып, сыртқы келбеті әрленіп, энерготиімді нысанға айналатындығы айтылуда. Сондай-ақ бұл өз кезегінде тұрғын үйдің пайдалану мерзімін ұзартуға ықпал етеді екен. «Жаңартылды» деген желеуді жамылып жылтырақ бояумен баттастыра салмай, жөндеудің сапалы жүргені маңызды.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан да жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне ерекше бақылау жасалуда, дейді құзырлы мекемедегілер. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан да «Меншік иелері бірлестігі» құрылып, жөндеу жұмыстарын өз қадағауларына алған. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес басқарудың жаңа форматына көшеді. Яғни пәтер иелері кооперативінен «Меншік иелерінің бірлестігі» нысанында басқарылатын болады. Іске меншік иелерінің араласуы жөндеу жұмыстарының сапасына деген сенімді арттырса, басқару форматындағы өзгерістер жөнделген үйлердің келешегіне жауапкершілікті жоғарылатады деген ойға жетелейді.
Онсыз да біраз айқай-шуға себеп болып, тұрғындарының наразылығын, түсінбестігін тудырған апатты үйлердің санатын толықтырмай, ескі үйлердің дер кезінде жөндеуге іліккеніне қуанасың, енді олар «ескі» деген айдардан құтылатын болады. Тек жұмыстың сапасы, нәтижесі қуантсын дейік.
Маңғыстау облысы