ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингте Атырау облысының полицейлері Құлсарыдағы көппәтерлі үйдің бірінен құтқарушылардың жаңа туған нәресте мен үш баланы шығарғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
Өрт туралы хабар аудандық полиция бөліміне таңертең түскен. Оқиға орнына патрульдік қызметкерлер аттанған.
«Полицейлер келгенде үй іші қою түтінге толған еді, сондықтан қызметкерлер өрт сөндірушілердің келуін күтпей, тұрғындарды эвакуациялай бастады. Пәтерлердің бірінде тартпалы төбе астындағы сымдардың қысқа тұйықталуынан түтін басталған және ауаға улы түтін тарай бастаған. Мұнда аздаған желдің өзі үлкен бөлмеде өрт шығаруы мүмкін еді. Төрт полицей таза ауа жұту үшін кезек-кезек көшеге шығып, қайтадан кірген», деді Нұрділдә Ораз.
Олар жаңа туған нәресте мен 4, 5 және 6 жастағы үш баланы алып шыққан және қарттарға үйден шығуға көмектесті.
«Содан кейін полицейлер барлық пәтерлерді бірнеше рет тексеріп, ешкім қалмағанына көз жеткізді. Дәрігерлер құтқарылған тұрғындарды тексерді, олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады. Кейін өрт сөндірушілер өрт ошағын жойды», деді ІІМ ресми өкілі.