Өткен сенбі күні Қызылағаш ауылында тасқын салдарынан қаза болғандардың қырқы берілді. Марқұмдардың рухына бағышталып атқарылған бұл рәсім облыс әкімі Серік Үмбетовтің мұрындық болуымен, аудан, ауыл әкімдерінің атсалысуымен өткізілді.
Ашық аспан астына екі қатар етіп жайылған кең дастарқанның басына жайғасқан жұртшылықтың алдында ең алдымен Ақсу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрбек Сәрсенбайұлы сөз алып, қаза тапқандардың қырық күндік нәзіріне орай ағайынға арнау сөз айтты. “Табиғат апаты салдарынан қайғылы оқиға орын алғанымен тіршілік тоқтап қалмақ емес. “Орнында бар оңалар” дегендей, ел ес жиып, жағдай бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. Зардап шеккендерге барлық жағдайды жасап отырған республика облыс пен аудан басшыларына да рахмет. Жақын күндердің бірінде алғашқы тұрғын үйлер де пайдалануға берілмек. Сондықтан өліге иман, тіріге береке-бірлік тілейік” деген қарияның басалқалы сөзін жиналғандар бірауыздан құптады.
–Қызылағаштағы сияқты табиғаттың тосын апаттарын ауыздықтай алмай қалатын кездеріміз болады. Мұндай апаттар бүгінде Қытайда алапат жер сілкінісі ретінде орын алса, Исландияда жанартау түрінде атқылауда. Тағы бір жерде ұшақтар құлап жатыр. Ендігі жерде ондай апаттар қайталанбасын деп тілейік, – деп бастады сөзін облыс басшысы Серік Үмбетов. – “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” дегендей, ең бастысы, елімізді ауызбірлік пен ынтымақтан ажыратпасын, ел іші аман болсын деп тілейік. Ауызбірлігінен ажырап қалған қырғыз ағайындар не болып жатыр бүгінде? Ынтымағымыз болса, бәрі қалпына келеді. Қаза болған жақындарымыздың жаны жәннатта болсын.
Енді біраз күнде 40 шақты тұрғын үйдің пайдалануға беріліп, Егінсу мен Ақтоғандағы қалпына келтіру жұмыстарының қарқын алатындығын айтқан облыс әкімі зардап шеккендерге қажетті барлық көмектің көрсетіліп жатқандығын, басқа да тиісті шаруалардың атқарылатындығын тағы бір атап өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңіріндегі өкіл-имамы Жұманәлі Аманов қаза болғандардың рухына бағыштап құран оқығаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев сөз алып, қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарын сабырға шақырды. Бұл жайындағы әңгімені Қазақ радиосы директорының орынбасары, қаламгер Көпен Әмірбек жалғастырып, халқымыздың торқалы той мен топырақты өлімді бірігіп атқаратын игі дәстүрі жайында сөз қозғады.
Қырық күндік асты өткізу барысында ауыл тұрғындары да сөйлеп, қиындықта жалғыз қалдырмай, барлық көмекті жасап жатқан республика жұртшылығына, облыс басшылығына деген шынайы алғыстарын білдірді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.