Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық ұлан жасағы үш күннің ішінде тосын жайттарға тап болды. Әскери жасақ сарбаздары жоғалып кеткен 5 баланы аман-есен тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz
16 сәуір күні сағат 15.30 шамасында 5573 әскери бөлімінің сарбаздары қызмет барысында ересек адамсыз жалғыз жүрген 3 жасар баланы көреді. Балақай ұландықтарға өзін Вова деп таныстырады. Вованың анасы біраз уақыт өз еркімен ұлын іздеп, нәтиже шықпаған соң әскери жасақтан көмек сұрайды. Оның айтуынша, бір жастағы қызы жылап, соны жұбату кезінде үлкен баласы көзден таса болып кетеді. Көп ұзамай азаматша әскери жасақпен кездесіп, ұлымен қауышты.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде жедел құрамның тағы бір әскери жасағы Есіл өзенінің бойында қоғамдық тәртіпті күзетіп жүргенде қолында самокаты бар, 5 жас шамасындағы алаңдаулы баланы кездестіреді. Ұландықтар оны тоқтатып, мән-жайды сұрамақ болады. Бірақ, ол жерде қайдан жүргенін, не үшін жүргенін түсіндіріп айта алмайды. 20 минуттан кейін полиция қызметкерлеріне әйел азаматша 56 жасар баласының жоғалғанын, қолында самокаты барын айтып хабарласады. Бұл бала да аман-есен анасына тапбысталды.
Сенбі күні, 17 сәуірде сағат 15.00 шамасында елордалық құраманың жауынгерлері «Жерұйық» саябағында 4-5 жасар жылап жүрген қыз баланы көреді. Ол анасымен серуендеп жүріп, адасып қалған екен. Әскери жасақ бастығы саябақта велосипед теуіп жүрген ересектеу балалардан саябақтың арғы басында қызын іздеп жүрген анасына хабар жеткізуін сұрайды. 20 минуттан соң адасқан бүлдіршін анасымен қауышты.
Осы күні сағат 18.40 кезінде аталған әскери бөлімнің сарбаздары Кенесары хан ескерткішінің жанынан жылап жүрген тағы бір баланы байқап қалады. Дереу іздестіру шараларын ұйымдастырып, 15 минут ішінде баланың анасын табады. 3 жасар Ералыдан бөлек анасының қасында 1,5 жастағы қарындасы мен 5 жастағы әпкесі де болған. Анасы қыздарымен сөйлесіп отырғанда Ералы байқамай біршама жерге ұзап кеткен көрінеді.
Ал жексенбі күні, яғни 18-сәуірде елордалық «Жетісу» паркінде сағат 16.40 шамасында шұғыл ақпаратта айтылған 5 жасар баланы іздестіру кезінде жылап жүрген басқа бір баланы жолықтырады. Шамамен 3 жастағы балақай да жақындарынан көз жазып қалғанға ұқсайды. Іздеуге кірісіп кеткен ұландықтардың алдынан 10 минуттай уақыт өткенде балақайдың әкесі шығады. Уайымнан көзіне жас алған әке әскерилердің қолынан баласын көргенде қуаныштан тағы да көңілі босап кетті.Перзенттерімен қауышқан барлық ата-аналар құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздарына адал қызметі мен жедел көмегі үшін алғыстарын білдірді.