• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Сәуір, 2021

Биыл 480 ауылды дамытуға 105 млрд теңге бағытталады – ҰЭМ

146 рет
көрсетілді

Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ауылдық аумақты дамыту және «Ауыл-Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, ауылдық жерде тұратын адамдардың саны 7,7 млн немесе жалпы ел халқының 41%-і. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда ауыл шаруашылығының үлесі - 28,2%.

Министрлік «Ауыл-Ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Оның мақсаты инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту, оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне жеткізу.

88% тұрғын өмір сүретін 3,5 мың ауыл даму келешегі бар деген есеппен іріктеліп алынды. Бұлар «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде басымдыққа ие болмақ.

«Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылды дамытуға 105 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Бұл көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы атап өткендей, ауылдағы инфрақұрылымдық мәселені шешу үшін 5 жыл ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Бұл 2025 жылға қарай 3,5 мыңның үстіндегі ауылдың 7 млн тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Ауыл халқы сумен жабдықтау қызметіне 100% қол жеткізеді. Барлық ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-і жақсартылады. 10 мың шақырым кентішілік жол қайта салынып, жөнделеді. 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскесі жеке тұрғын үй салу үшін қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. 12 мың шақырым инженерлік желі салынып, жаңғыртылады. АӨК-те 845 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы ауылдарда 500 мың  жаңа жұмыс орны ашылады»,  деді Ә.Ерғалиев.

Ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылып, жаңа 315 мектеп салынады. 1 719 спорт және 748 мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылады. Бұдан басқа, 1 095 нысанды салу мен жаңғырту ауылдық жердегі денсаулық сақтау қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттырады.