Көлік ұрлығы еліміздегі ең күрделі мәселенің бірі. Сонымен қатар, қымбат көліктердің түрлі бөлшектерін ұрлау да қоғам үшін қауіпті құбылыс болып отыр. Мұндай мәселе Жамбыл облысында да бар. Алайда, 2021 жылдың үш айында өңірде көлік ұрлығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға азайған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменовтің айтуынша, аталған қылмыс түрі жүргізілген кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде төмендеген. Бірақ, өңірдің бас полицейі облыс тұрғындарына сақтық шараларын ұмытпау керектігін ескертеді.
«Көбінесе автокөліктер түнгі уақытта тұрғын үйлердің маңайындағы тұрақтарда ұрланады. Қылмыскерлер көлікке есігін бұзу немесе терезесін сындыру арқылы кіреді. Мәселен, жуырда Тараз қаласының тұрғыны үйінің жанында тұрған көлігінің ұрланғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қылмыскерлердің көлік салонына есікті бұзу арқылы кіргенін анықтады. Полицейлер ізін суытпай тараздық екі тұрғынды қолға түсірді. Олар өз кінәсін толық мойындады. Күдіктілер автокөлікті бөлшектеп сатуды жоспарлаған. Осы орайда, автокөліктерді ұрлауға жол бермеу шаралары туралы еске салғым келеді», дейді Жанат Сүлейменов.
Сондай-ақ, генерал-майор тұрғындарға көлікті ұрлықтан қорғаудың бірнеше әдісі бар екенін айтады. «Айдап әкетуге қарсы жүйе мен дабыл құрылғысын орнатыңыз. Кешке және түнде автокөліктерді жақсы жарықтандырылған орындарға және көрінетін жерлерге қою керек. Ақылы күзетілетін тұрақтарды қолданыңыз. Көлікте қылмыскерлердің назарын аударатын заттарды қалдырмаңыз», дейді ол.