Конституция – 15
Конституция – әр мемлекеттің саяси бет-бейнесін көрсететін, оның мызғымастығы мен біртұтастығын, халықтың, биліктің қағидаларын бекітетін құқықтық бас құжат. Конституция осынау жеті жарғыдан бастау алған тарихы терең жолдың жалғасы. Ата Заңымызға биыл 15 жыл толғалы тұр. Алла жазса, биылғы барыс жылының 30 тымызы күні бұл мерейтойды бүкіл ел болып лайықты табыстармен қарсы аламыз.
Енді еліміздің құнды бас құжаты туралы өткенге ой жіберелік. Айтар болсақ, арнайы Конституция қабылдап, соның негізінде қызмет ету біздің елімізде алғаш рет 1920 жылғы декларациядан басталады екен. Сол декларацияға сәйкес 1926 жылы Конституция жобасы жасалған. Одан кейін елімізде 1937, 1978, 1993 жылдары Конституциялар қабылданды. Ал бүгінгі ел игілігіне, өсіп-өркендеуімізге қызмет етіп келе жатқан Конституция бүкіл халық болып дауыс беруіміздің нәтижесінде 1995 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам мен оның өмірінің және бостандығының кепілі ретінде жаңарған Ата Заңымыз бүгінде Қазақстан халқының өркениет көшіне қосылуына жан-жақты қызмет етіп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстандағы оң өзгерістер көңіл қуантарлықтай. Мәселен, Елбасы ұсынған “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасын іске асыруға тигізіп отырған оң ықпалы айтарлықтай. Елімізде бұрын-соңды болмаған құрылыстар қарқын алып, азып-тозуға аз қалған ауылдардың ажары ашылып, қаншама жылдардан бері қордаланып, шешімін күткен проблемалардың түйіні тарқатылды.
Еліміз алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымызды шақырып, оралман ретінде көшіріп әкелуді жүзеге асыра бастады. Жергілікті халықтың бас ауыртар проблемалары – ауыз су, жол, газ мәселелеріне ерекше мән беріліп, қыруар тірліктер атқарылуда. Сондай-ақ, талантты, дарынды жастарымыз әлемнің атақты жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің, студенттердің, зейнеткерлердің, мүгедек, мұқтаж жандардың жағдайы жыл санап жақсарып келеді.
Қарапайым халық пен билік арасындағы байланыс орныға түсуде. Бүгінде әрбір адам сенім телефоны арқылы кез келген кемшілік пен олқылықты жоғарыдағы тиісті басшыларға ашық әрі батыл түрде жеткізуге мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Президентіміздің экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ашқаны да көптеген заң бұзушылықтарды білумен қатар, одан арылуға көмектесуде.
Қорыта айтқанда, еліміздің әрбір азаматы Конституцияға сәйкес еңбек етіп, білімін көтеріп, денсаулығын жақсарта алады. Осының барлығы адамзат баласының құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын Конституцияның арқасы және де еліміздің көреген көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі.
Ата Заңымыз – ең үлкен тарихи жетістігіміз. Оны түсініп білуіміз әрі құрметтеуіміз Қазақстан азаматының төл міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені, Ата Заң азаматтық кепілдігіміздің негізгі көрсеткіші болып табылады.
Есберген ҚУАНЫШБАЕВ, Қошқарата ауылдық округінің әкімі.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы