«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының және шетелдік ұйымдардың тізіміне өзгерістер енгізілді. Биыл бұл тізім 207 жоғары оқу орнына дейін ұлғайтылды. 2020 жылы 138 ЖОО болған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақстандықтар оқуға түсе алатын ұйымдардың тізімі айтарлықтай жаңартылды. Биыл тізімге 3 халықаралық академиялық рейтингке кіретін және QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) екі және одан артық халықаралық академиялық рейтингтердің алғашқы 250 позициясындағы 27 елдің 207 жоғары оқу орны енді», деп атап өтті спикер.