• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Сәуір, 2021

Ресей президентінің кезекті жолдауы

496 рет
көрсетілді

Ресей президенті ел халқына кезекті жолдауын жариялады. 1 сағат 18 минутқа созылған федералды жиында Владимир Путин коронавируспен күрес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек тақырыптарын сөз етті. 

Он жетінші жолдауда әлемді алаң­датқан ахуал – коронавирус пандемия­сымен күрес шаралары назардан тыс қалмады. Одан бөлек, халық санының өсуі де күн тәртібіндегі басты тақырып­тың бірі болды. Владимир Путин «2030 жылға қарай елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 78 жас болуы керек» деген пікірін айтты.

«Коронавирусты түбегейлі жеңген жоқпыз. Сондықтан ол әлі де қауіпті. Бүгінгі күні барлық деректі назарда ұстап, бақылап отыруымыз керек. Вирустың таралуын тежеу жұмыстары жалғаса береді. Бұл жұмыс ел ішінде қалай белсенді жүргізілсе, шекара бо­йында да дәл сондай істер атқарылады», деді мемлекет басшысы.

Вируспен күрес мәселесіне тоқтал­ған президент вакцина мәселесін де ұмыт­­пады. Ол елде ұжымдық имму­ни­­тет қалыптастыру үшін вакцина салды­ру халық үшін қолжетімді болуы керек­тігін айтты. Осылайша, күзге қарай ұжымдық иммунитет қалыптастырып үлгеру керек деген болжамын да ортаға салды.

Медицина саласындағы маңыз­ды мәселелерге тоқталған Владимир Путин халықты жаппай медициналық тек­серуден өткізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша профилактикалық тексеру биыл 1 шілдеден бастап толық қолға алынуы тиіс. Ал алдағы 3 жылда ауылдық округтер мен кішігірім қала­ларға 5 мың жедел жәрдем көлігі жібе­ріл­­мек. Бұл ол жақтағы арнайы автомо­биль паркін жаңартуға мүмкіндік береді.

Биылғы жолдаудағы ерекше еске­ретін жаңалық – әлеуметтік қазын­а­шылық. 2022 жылдан бастап барлық әлеу­меттік көмек, зейнетақы мен үстем­ақы «бір терезе» режімінде төленбек. Бұл барлық үрдісті оңтайландырмақ. Өйткені, кез келген көмек азаматтың отбасы құруы, балалы болуы, зейнетке шығуымен байланысты тағайындалып отырмақ.

Президент жолдау барысында бір­қатар әлеуметтік көмектің көлемі өсетінін хабарлады. Мәселен, жалғызбасты ана немесе әкеге төленетін көмек, сондай-ақ отбасына тәрбиеленіп жатқан 8 жастан 16 жасқа дейінгі балаға берілетін көмек көлемі 5 650 рубльге жетпек.

Сонымен бірге бала күтіміне қа­тысты берілетін көмек көлемі енді азаматтың жұмыс өтіліне байланысты болмақ. Сәйкесінше, жас мамандар алатын көмек көлемі айтарлықтай төмен болуы мүмкін.

Коронавирус пандемиясы салдарынан бірқатар саланың кенжелеп қалғаны мәлім. Қай елде болсын кәсіпкерлер жиі шағым айтады. Ресей президентінің бұл жолдауында кәсіпкерлерге жақсы жаңалықтар болды. Владимир Путин шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әзірлеу жөнінде тапсырма бергенін хабарлады. Атап айтар болсақ, салық жүйесін оңтайландыру, өнімді қолдану аясын кеңейту мен оны елдегі үлкен мемлекеттік компанияларға сатып алғызу сынды шешімдер ұсынды. В.Путиннің айтуынша, биыл Ресейдегі корпоративтік сектордағы түсім көлемі едәуір ұлғаймақ. Дегенмен, оны қалай қолданатыны әзірге беймәлім.

Кәсіпкерлерге берілетін инфрақұры­лым­­дық несиеге бөлінетін қаржы көле­мі де артпақ. Ресейде жылына 3 па­йыз көрсеткішпен 15 жылға инфра­құры­лымдық несие беріледі екен. Енді оған 0,5 трлн рубль ақша бөлінбек.

Экономиканың айнымас бөлігі – туризм де президент көтерген мәселелер қатарынан табылды. Ресей президенті ел ішінде саяхаттаған азаматтардың шығынының 20 пайызын қайтаруды ұсынды. Сонымен бірге жазғы лагерьлер құны жарты бағаға арзандамақ. Ал волонтерлерге, түрлі олимпиадалар мен шығармашылық жарыстарға қатысқан белсенді жастарға тіпті жаз маусымында да жеңілдік беру көзделіп отыр.

Экология мәселесі де құжатта көрсетілді. Владимир Путин жинал­ған парник­тік газдың көлемі Еуроодақ­тағыдан аз болуы керек деген мақсат қойып отыр. Сонымен бірге коронавирус сияқты қандай да бір індет пайда болғанда Ресей ғалымдары вирусты анықтайтын тестті 4 күн ішінде жасап шығаруы керек. Оған қоса, ең тиімді вакцина жасау міндеті туралы да айтылды. Бұл міндеттер 2030 жылға дейін орындалуы керек.

Сыртқы саясат мәселесіне тоқталған Владимир Путин қазіргі кезде көптеген ел қандай оқиға болсын Ресейді араластырып, кінәлауға үйір болып алған деген ойын айтты. «Бұл жаңа спорт түріне айналған. Біз қарым-қатынасты тоқ­татуды көздемейміз. Дегенмен, кей­бірі біздің жақсы ниетімізді нем­құ­райды қатынас деп түсініп, үзілді-кесілді шешім қабылдайды. Осы ретте ондай әрекетке Ресейдің де жауабы сәйкесінше қатты әрі тез болаты­нын біліп жүрсін. Кез келген арандату­шы­лық бас­та­ғандар өкінетін болады», деп мәлімдеді.

Елдер арасындағы қарым-қатынас­та қызыл сызықтан аттап кетпеудің маңыз­дылығын ескерте келе, ол сызық­ты да Ресей өзі белгілейтінін хабарла­ды. Владимир Путин серіктес­теріне стратегиялық мәселені қайта талқы­лауды ұсынып, жаһандық тұрақтылық­ты қамтамасыз ету керегін баса айтты.

Владимир Путиннің сыртқы саясат мәселесіне ерекше тоқталуы, Ресейдің жауабы туралы қатқыл айтуында көп мән бар. Өйткені, жолдауға дейін бір­неше күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден Ресейге қарсы санкция жариялаған-ды.

15 сәуірде Джо Байден Ресейдің мемлекеттік қарызына қатысты санкция жариялап, 30 жеке және заңды тұлғасын «қара тізімге» қосты. Көп ұзамай, Чех Республикасы 18 ресейлік дипломатты еліне қайтаратынын хабарлады. Оны чехтар дипломаттар барлау қызметімен бірлесіп жұмыс істеді деп түсіндірді. Ресей болса, Прагаға жауап ретінде 20 чех дипломатын еліне қайтарды.

Жолдау жарияланғаннан кейін шетелдік БАҚ пен сарапшылар сыни пікірлерін айтты. Көбі бұл жолдаудан үлкен шешімдер күткенін жасырмады. Bloomberg агенттігі Владимир Путин ұсынған шараларға енді қомақты қаржы іздейді деген хабар таратты. Reuters агенттігі Путин әлеуметтік көмек көлемін елдегі наразылықтар мен сыртқы саясаттағы келеңсіздіктерді жуып-шаю үшін көбейтіп отыр деп жазды.

ВВС-ге сұхбат берген саясаткерлер мен экономистер Путиннің жоспары әлсіз деген пікірде. Экономистер бұл бір реттік әрі нақты емес жоспар, сон­­дықтан кедейлікті жою, Ресей эко­номи­касының артта қалуы сияқ­ты елеу­лі мәселелерді шеше алмай­ды деп отыр. «Альфа банк» бас эко­номисі Наталья Орлова «Бұл шешімге қа­раған­да үкіметке жүктелген тапсырмаға ұқсайды» деген ой айтты.

Ақ үй де жауапсыз қалмады. Президент Джо Байден Путиннің АҚШ санкциясын мультфильмнің сұм кейіпкері – Шерханға теңеген ойын қабылдамайтынын мәлімдеді. АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Джен Псаки «Біздің етіміз қалың, сондықтан барлығының пікірін бірдей қабылдай бермейміз» деді.

Сонымен, федералды жиында айтылған бірқатар шешім халықаралық сарапшылардың көңілінен шықпады. Олар мұны көзбояушылық деп қабыл­дағандай. Сонымен бірге аз қамтылған отбасылар мен кедейлерді қолдауы жанашырлық емес, өз қолдаушылары қатарына өткізу деп айыптады. Әрине, саясаттың аты – саясат. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін алдағы өмір көрсетеді.