• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 23 Сәуір, 2021

Көкейкесті мәселелер – сенаторлар назарында

274 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін Шарттарды ратификациялады. Бұған қоса, сенаторлар Үкімет пен мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдап, бірқатар көкейкесті мәселені көтерді. Соның ішінде, қазіргі кезде өзектілігі артып отырған ветеринария мамандарының тапшылығы да бар.

 

Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық

Сенаторлар алдымен «Қазақ­стан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы ара­сындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап, қабылдады. Құжатта екі мемлекет бір-біріне іздеуде жүрген азаматтарын ұстап беруге келісті. Сондай-ақ бұл Шартта ұстап беруге, бас тартуға, ұстап беруді кейінге қалдыруға және рәсімді оңайлатуға негіз болатын ережелер де қамтылған.

«Бұл Шарттың негізгі мақсаты – іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселесін реттеу. Шартта ұстап берудің келесі негіздері көзделген. Біріншіден, екі елдің де заңына сәйкес әрекет қылмыс саналуы тиіс.

Екіншіден, қылмыстық жауап­қа тартылатын адам кемінде 1 жылға бас бостандығынан айыруға жазалануы қажет. Үшіншіден, сот үкімін орындау үшін іздеудегі адамның өтелмеген жаза мерзімі кемінде 6 ай болуы керек», деді Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов.

Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта Солтүстік Маке­дония мен Қазақстанда жасырынып жүрген қылмыскерлер жоқ. Жалпы, Қазақстан бүгінге дейін 20 мемлекетпен ұстап беру туралы шарттар жасасқан.

«Болашақта Малайзия, Доми­никан, Перу, Аргентинамен осындай шарттарға қол қою жоспарланып отыр. Өткен жылы басқа мемлекеттерге елімізде жасырынып жүрген 64 шетел азаматын ұстап бердік. Ал бізге басқа елдер 56 қылмыскерді қайтарды», деді Б.Асылов.

Отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сот­тал­ған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Аталған шарт Қазақстан мен Сол­түстік Македонияның құзыретті органдарының өзара іс-әрекетіне және сотталған адамдарды беру туралы келісім жасауға мүмкіндік береді.

Құжатта экстрадициялау, ақ­па­рат алмасу, сотталған адам­дарды жеткізу шарттары жазыл­ған. Одан бөлек, сотталған адам­дар­ды беру кезіндегі шығын­дарға байланысты нормалар да қарастырылған.

Аталған заң жобасы жөнінде де баяндама жасаған Б.Асы­лов­тың сөзіне сүйенсек, Шарттың басты мақсаты – басқа елдерде сотталған азаматтарымызға жазасын елімізде өтеуге мүмкіндік жасау. «Шартқа сәйкес сотталған адамдарды беру үшін екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс. Екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталған болуы қажет. Сұрау алынған кезде үкім заңды күшіне енуі және кемінде 6 ай өтейтін уақыты қалуы тиіс. Және сотталған адамның жазбаша келісімі керек. Сондай-ақ екі ел де адамды беруге келісуі қажет», деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 970 шетел азаматы бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Шетелдерде 922 Қазақстан азам­аты жауапқа тартылған.

Сонымен қатар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында қылмыстық істер бойынша өза­ра құқықтық көмектің барлық ұйымдастырушылық-құқықтық те­тіктерін реттеу және іске асыру үшін «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Рес­пуб­­ликасы арасындағы қыл­мыс­тық істер бойынша өзара құқық­­тық көмек туралы шартты ра­ти­фикациялау туралы» заң жоба­сы да қабылданды. Оның кей­бір нормалары банк шоттары мен қаржылық ақпараттарды анық­тау, қылмыстық істер туралы құжаттарды, материалдарды немесе заттарды және ақпараттарды алмасу мәселелеріне арналған.

«Шарттың басты мақсаты – кү­дікті мен айыптының кінә­сін дәлелдеуге арналған процес- ­суал­дық әрекеттерді жүзеге асыруды реттеу. Ол екі елдің өкілетті органдарына келесі тергеу амалдарын жүргізуге құқық береді. Қамауда отырған адамдарды уа­қытша беру, тінту, заттарды тәр­кілеу, сараптама жүргізу, жауап алу, ақпа­рат алмасу және де басқа амал­­дарды қамтиды. Шартта көз­дел­ген барлық тергеу әрекеті біз­дің Қылмыстық-процестік кодексте бар», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Б.Асылов.

Үш заң бойынша пікір біл­дір­­ген Сенат Төрағасы олар­дың ел азаматтарының құқық­тар­ын қор­ғауда маңызы зор еке­нін айтты. «Бүгін қабылдан­­ған заң­дар Қазақ­стан мен Сол­­түстік Ма­ке­дония арасын­дағы құқық қорғау сала­сын­дағы ынтымақтастықты дамы­туға бағытталған. Олар қыл­мыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қам­тиды және қылмыспен күресті кү­шейту үшін мемлекетаралық қаты­настардың құқықтық негіз­дерін қалыптастырады. Соған сәйкес қылмыстарды тергеу про­цесінде жан-жақты көмек көрсе­ту, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сот­талған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарасты­рылған. Бұл заңның үстемдігін қамта­масыз етеді. Сондай-ақ азамат­тары­мыз­дың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді М.Әшімбаев.

 

Ветеринария саласында маман тапшы

Сенат отырысында депутаттар өз сауалдарын да жолдады. Депутат Мұхтар Жұмағазиев Үкімет Бас­шысына жолдаған сауалында ветеринария саласындағы маман тапшылығын сөз етті.

Оның айтуынша, жұмыс проце­сінің төмен деңгейде ұйымдас­тырылуы, еңбек етуге қарапа­йым жағдайдың жасалмауы, мате­риалдық-техникалық базаның жеткі­ліксіздігі, жалақының төмен­дігі ветеринар мамандардың қыз­мет етуге ынтасының азаюына әсер етеді. Депутат келтірген ақпаратқа сай ветеринарлық стансалардың басым көпшілігі мамандардың жеке үйінде және жалға алынған ғимараттарда орналасқан.

«Ветеринарлық қызметтің негізгі міндеті – тұрақты эпизо­отиялық ахуалды қамтамасыз ету. Осы орайда ветеринар маман­дардың жетіспеушілігі ең басты өзекті мәселе болып тұр. Жоғары және орта-арнаулы оқу орындары жас мамандарға деген сұранысты толық қанағаттандыра алмай ке­леді. Ал осы салаға жұмысқа кел­­гендер еңбек және тұрмыс жағ­­дайы болмауы салдарынан жұмыс орындарында аса көп аялда­майды.

Назар аударатын болсақ, елі­мізде ветеринария бағыты бо­йынша мамандар даярлайтын 10 жоғары оқу орнында соңғы үш жылда 3602 адам білім алған, оның ішінде үш бейінді жоғары оқу орнында  2018  жылы – 712, ал 2020 жылы 826 адам оқу бітірген», деді сенатор. Осы сала­дағы мамандардың орта жасы 50-55, кей өңірлерде тіпті 59 жасқа жетіп қалғанын ескере отырып, депутат Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының жергілікті деңгейдегі квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25 па­йызға қысқарту тапсырмасына сәйкес ветеринарлар да қыс­қар­тылып жатқандығын сынға алды.

«Жергілікті атқарушы орган­дардың ақпараты бойынша өңір­лер­дегі 203 ветеринарлық стан­­саның 104-і ғана меншікті ғимара­тында орналасқан, ал 99-ы жалға алынған.

Ауылдық округтердегі 2327 вете­ринарлық пункттің 696-сы өз  меншіктерінде болса, 1631-і жалға алынып, 91-і мамандардың жеке үйлерінде орналасқан, немесе 30 пайызға қамтылған. Со­ны­мен бірге мамандардың арнайы авто­­көліктері мен құрал жабдық­­тары­ның пайдалану мерзім­дері өтіп кеткен», деді М.Жұма­ға­зиев.

Сенатордың айтуынша, бұл мамандықтың болашағы туралы ақпарат та көңіл қуантпайды. «Болашақ» бағдарламасымен осы салада 12 адам ғана шетелдерде оқыған. Олардың басым бөлігі мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған. Елдегі жоғары оқу орындарына ветеринария бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 2018 жылы 79 пайыз болса, 2020 жылы 50,3 пайызды құраған.

«Дипломмен – ауылға!» бағ­­дар­­ламасында қойылған мақсат­тарды іске асыру шаралары еш­қандай сын көтермейді. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында небәрі 1875 жас маман жұмысқа орналасқан», деді Мұхтар Жұма­ғазиев.

Сенатор өз сауалында ­аг­ро­­­өнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бо­йынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынды. Осы мамандық бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттырып, ветери­нар­лардың жалақысын өсіру, олардың материалдық-техникалық жаб­дықтарын жетілдіру мә­се­лелерінің өзектілігін де атап өтті.

«Ауыл жастарына ветери­нар­ мамандықтары бойынша квота көлемін 50 пайызға дейін кө­бейту, оның ішінде жергілікті бюд­жеттен қосымша гранттар және ауыл шаруашылығы құры­лымдары есебінен оқыту тетік­терін қарастыруды ұсынамыз.

Ветеринария мамандарының жалақысын қайта қарау және зиян­ды еңбек жағдайлары үшін үстеме­ақы төлеуді және жас мамандарды әлеуметтік қолдау тетіктерін же­тілдіруді сұраймыз.

Ветеринариялық стансалар мен ветеринарлық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету қажет. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына қы­зығушылық туғызу, ынтасын арттыру мақсатында мектеп­тер­дегі жоғары сынып оқушыла­ры­ның арасында кәсіби бағдар жұмыс­тарын жүйелі түрде жүргізген жөн.

Оқу процесін дуальды білім беру жүйесімен интегра­ция­лау арқылы теориялық білімді өн­дірістік прак­ти­камен ұштас­тыру жолымен  оқыту бағдарла­ма­­ларының практи­каға бағдарлану дең­гейін көтеру, болашақ жас маман­дардың бейін­ді ауыл шаруа­шылығы құры­лым­дарында өндірістік тәжірибе­ден өту ке­зеңіне жалақы төлеуді қарастыру керек.

Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің «квазимемлекеттік сектор» қызметкерлерін 25 пайыз­ға қысқарту шараларын ветерина­рия саласының жергілікті кәсіп­орын­дарына қолданбауды және елді мекендердегі ветеринариялық стансалар мен пункттердің қыз­мет­керлерін сақтап қалуды сұрай­мыз», деді сенатор.

Бұдан бөлек, Ғұмар Дүйсем­баев депутаттық сауалында ашық аспан астындағы музей – кө­не Сарайшық қалашығына қатыс­ты қордаланған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Нари­ман Төреғалиев Қызылорда облы­сындағы Талап және Сырдария сумен қамту жүйелерін тездетіп іске қосу қажет екеніне назар аударды. Алтынбек Нұхұлы ішкі ту­ризмді дамытуға қатысты өз пікірін білдірді. Талғат Мұса­баев авиациялық қауіпсіздік мәсе­лелерін қозғады. Ал Андрей Лукин агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа Ұлттық жоба әзірлеу қажеттігін депутаттық сауалына арқау етті.