• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 23 Сәуір, 2021

Тіл мен тарих – халықтың қос қанаты

1103 рет
көрсетілді

Халықаралық Қазақ тілі қоға­мының Алматы қалалық бөлім­шесі, сондай-ақ қалалық Қоғам­дық кеңес жанынан құрылған Тіл коми­тетінің ұйытқы болуымен мем­­лекеттік тілдің мәртебесін көте­ру­ге бағытталған келелі ке­ңес өтті. Ғалымдар мен тіл жа­нашыр­­ларын бір алаңда жина­ған басқосуда қазақ тілінің айна­ласындағы өзекті мәселелер тал­қы­ланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген ұстанымын тілге тиек еткен жиынға қатысушылар тіл төңірегінде қордаланған мәселелерді жіліктеп тал­дады. Басқосуға бастамашы болған қоғам қайраткері Құсман Шалабаев, еліміз­дің әр аймағынан жиылған жас ғалым­дарды бір арнада тоғыстыру арқы­лы ана тілінің қадір-қасиетін ас­қақт­атуды көздегенін айтады. Оның сө­зінше, екі қазақтың бір-бірімен қазақ­ша сөйлеспеуінен немесе өз ана тілін білмеуінен асқан аянышты хал жоқ.

«Тіл толғауының түйінін тарқататын кез әлдеқашан жетті. Бұл – мемлекеттік дәре­жеде маңыз беріліп отырған мәсе­ле. Біз ел өңірлерінен зерделі жастарды жинай оты­рып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арт­тырудың тетік­терін жобалауды мақсат тұтамыз. Жас­тардың үніне құлақ асып, ой-пікірлерін, ұсы­ныстарын тыңдадық. Ұйым­дар мен мекемелердегі іс-қағаздарды қазақ тілінде әзірлеудің, жиналыс­тарды мемлекеттік тілде өткізудің нақ­ты бір жобасын дайындау керек секілді. Мәдени астана­мызға баланатын Алматыға қарап, барлық өңірлер бой түзейді. Латын қарпіне байланысты соңғы ұсынымдарды да жас ғалымдарымыз зерделей жүргені абзал. Сондықтан бүгінгі жиынға А.Байтұрсын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының директоры Анар Фазыл­жан­ды арнайы шақы­рып отырмыз. Бұ­дан кейін де сөзден іске көшіп, жас ғалым­дармен бірлесе жұ­мыс жасау­ды жалғастыра бермекпіз», деді Қ.Шалабаев.

Ана тілі қоғамдық проблемаға ай­нал­мауы керек, ол ана сүтімен дарып, бол­мысымызға енуі қажет деген тіл жа­нашыр­­­лары тілдің қолданылу аясын­дағы кем­­шіліктерді сынға ала отырып, өз пайым­дарын ортаға салды.

– Ұлттың анасы – тілі, әкесі – тарихы. Тілінен нәр, тарихынан тамыр ал­маған ел ұлт болмайды. Қазақтың барлық ұлттық құндылықтары тілінде жатыр. Бұл біздің санамыздың да, үйіміздің де төрінде тұруы керек. Тілі­нен айырылған халық ұлттық мәде­ниетінен де айырылады. Өзінің ана тілінде сөйлей алмаған адам өзін еш­қашан сауатты, мәдениетті адаммын деп айтуына болмайды. Біздің қоғамдағы бас­ты кемшілік, кейбір бауырларымыз өзі қазақ бола тұра өз тілінде сөйлеуге қор­сынатыны. Бұл – үлкен қасірет. Ондай адам тілмен келетін барлық қазына-құн­дылықтардан айырылады. Бұдан өз ұлтын менсінбеушілік, ана тілі десе жиырылып, тыжырына қалатын іс-әрекеттер туындайтынын байқаймыз. «Өзегін құрт жеген ағаш, өзінің құла­ғанын жерден көреді» деген сөз бар. Та­мырымызға құрт түсіп, өзегіміз шірі­месін десек, тіліміз­ді құрметтеуді өзі­мізден бастайық. Байрағымызда қы­ран­ның қос қанаты бар. Оның бірі – ана тіліміз, екіншісі – туған тарихымыз. Осы екеуі тең болмай, қыран қияға қа­лықтай алмайды. Әрбір ата-ана тамы­рымнан өнген ұрпақ кімнің баласы деген сұрақты өзіне қойып, перзентін тек­тілікке тәрбиелеуі керек. Тектілік – тілмен, рух­пен біте қайнасып жатқан қасиет. Бүгін­гі жиынның көздеген мақсаты барша отандастарымызды, оның ішінде қазақ бауырларымызды ана тілін аялауға шақыру, – деді тіл тарихын зерттеуші Мәңке Нұрдәулет.

Саналы ой, салмақты пікірлер ай­тыл­­­ған жиында журналистер қауы­мы да тақы­рыптан тыс қалмай, ұсыныс-тілек­терін жеткізді. Тілшілерді маза­лаған мәсе­ленің бірі – үлкенді-кішілі ме­кемелерде өте­тін іс-шара­­лардың баспасөзге арналған ақпа­раты көбіне-көп ресми тілде дайындалып, одан кейін барып қана қазақ тіліне тәржі­мала­натындығы. Ең өкініштісі, әкімдіктер мен мемле­кет­тік мекемелердің өзі осындай ол­қы­лықтарға жиі бой алдырады. Бас­шылық баспасөз-хатшыларын таңдарда осы жайға байыппен қараса, дейді БАҚ-өкіл­­дері.

Алдағы уақытта Алматы қалалық Қо­ғам­­дық кеңесінің жанынан жаңадан құ­рыл­­ған Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қол­­­даны­лу аясын кеңейту бағытында жан-жақты жұмыстарын жалғастыра бермек.

 

АЛМАТЫ