Индонезияның әскери теңіз флотына тиесілі сүңгуір қайық ізім-ғайым жоғалды. Сүңгуір қайықта 53 борт мүшесі болған. Әскерилердің суасты кемесін табу үшін 72 сағат уақыты қалды.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, KRI Nanggala-402 деп аталатын қайық Балиден 100 шақырым жерде із-түзсіз кеткен. Іздеу жұмыстарына 400-ге жуық адам, 6 кеме және 1 тікұшақ жұмылдырылған.
Сүңгуір қайық Балидің маңындағы терең суларда жаттығу жасауы тиіс болатын. Бірақ кей дереккөздердің хабарлауынша, кеме жаттығуға кіріскеннен кейін кері байланысқа шықпаған.
Осыған байланысты Индонезия билігі сүңгуір қайықты табу үшін Аустралия мен Сингапурдан көмек сұрады. Бұдан бөлек, АҚШ, Аустралия, Франция және Германия көмек қолын созуға дайын.
Сүңгуір қайық жоғалған маңнан су бетіне жанармай төгілгені анықталып отыр. Кей сарапшылардың айтуынша, суасты кемесінен ақау шығуы мүмкін. Әйтсе де, енді бір сарапшылар суға жанармай төгу арқылы борт мүшелері хабар беруге тырысуы ықтимал екенін де айтады.
Жоғалып кеткен суасты кемесі – Индонезия әскери флотына тиесілі 5 сүңгуір қайықтың біреуі. Ол 1970-ші жылдары құрастырылған. 2012 жылы Оңтүстік Кореяда күрделі жөндеуден өткен.