• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2021

Жарқайыңның жомарт жандары

123 рет
көрсетілді

«Сары аймақта» бір-ақ тәулік болған өңір қайтадан жаман тұмаудың бас көтеруіне байланысты «қызыл аймақ» қатарына өтті. Карантиндік шаралар ішінара күшейтілуде. Осыған орай қамқорлық шаралары да үзілмеуі тиіс. Жақсы мысал да аз емес. Жарқайыңның жомарттары қайырымдылық қағидаттарын сабақтастырып, өзгеге өнеге болып-ақ тұр.

Ел ішіндегі жалғызілікті, қамқорлыққа зәру адамдар қазір жалпыға ортақ қиындықпен бетпе-бет келген кездерінде жалғыз емес екендіктерін сезінуі кәдімгідей қамкөңілге демеу. Өткен жылдың басынан бастап қанатымен су сепкен қарлығаштай өңірдегі көп балалы отбасыларын, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қамқорлықтарына алып, қарайласқан еріктілер тобы 194 шара өткізген екен. Оның барлығы жоғарыда аталған топты әлеуметтік жағынан үздіксіз қолдап, қолтығынан демеу.

Жаңа жылдан бері жүрек жылуы сезіліп тұратын мазмұнды 20 шара өткізілген. Айталық «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы өте тиімді болғанын көпшілік аузы­­нан тастамай айтып отыр. Ізгілік алауымен нұрланған шара барысында аудандағы елуге тарта қарияға қолұшы беріліпті. Еріктілер олардың қысқа дайындалуына көмектескен. Отындарын жарған, көмірлерін тасып берген, баспаналары мен қора-қопсысын жөндеген. Ал қақаған қыста аулаларын қардан тазартқан, су тасып берген. Денсаулықтарына байланысты қарға адым жер аттап басу мұң болып отырған қариялар қолғанатқа жарып-ақ қалған.

Карантин кезінде кәсіпкерлер мен халық қалаулылары ел қиналып қалмасыншы дейтұғын ізгі ниеттілер бірлесе отырып, ауруханадағы жалғызілікті жандарға азық-түліктері мен дәрі-дәрмектерін жеткізген. Есепте тұратын созылмалы сырқаты барлар да назардан тыс қалмапты.

Қазіргі заманғы технологиялық мүмкіндік те бірліктің тамыры беки түсуіне септігін тигізіп отыр. Мәселен, jarkain.live инстраграм жобасын қолға алған Карина Шынболат, Әділ Нұрбеков, Павел Стефанюк тәрізді жастар арнайы есепшот ашып, қаржы жинаған. Небәрі бір айдың ішінде 1 млн 300 мың теңге қаражат түскен. Жанашырлардан жиналған қаржы жаман тұмаумен алысып жатқан аурухананың керек-жарағына жұмсалған. Осы арада еріктілер аудан бойынша ха­лық­қа көмек көрсету үшін 12 млн-ға таяу қаражат жинағандығын айта кетуіміз керек.

Nur Otan партиясының Жарқайың аудандық филиалы өкілдері мен еріктілер бірлесе отырып, республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында аудандағы 440 отбасына 7,5 млн теңге көлемінде көмек көрсеткен.

Жастар ресурстық орталығы еріктілермен қоян-қолтық жұмыс істеп, халықты сақтандыру бағытында қыруар жұмыс атқарды. Қоғамдық жерлерде сақтық шараларының бұлжымай орындалуын көзден таса еткен жоқ. Аурудың алдын алу бағытындағы іс-шаралар онлайн түрінде ұдайы жүзеге асырылды.

Қазір ауданда «Қайырымды істер» эстафетасы қолға алынған. Карантин шарасы күшейтілуіне байланысты қамқорлыққа зәру жандар назардан тыс қалмайтын болады.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы