• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 24 Сәуір, 2021

Бауыржан Байбек «Birge – Тaza Qazaqstan» экологиялық акциясына қатысты

254 рет
көрсетілді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қалалықтармен бірге экологиялық акцияға қатысты.  Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, партия Орталық аппаратының қызметкерлері Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің бойына 80 түп ағаш отырғызған. Әкімдіктің дерегі бойынша, биыл қалада барлығы 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

«Өздеріңізге мәлім, елордамыздың негізі қаланған сәттен бастап Елбасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланың сәулеттік келбетіне ғана емес, сонымен қатар нағыз жайлы қалалық орта құруға да ерекше назар аударды. Бүгінде мұнда көптеген саябақ, скверлер мен аллеялар салынып, қалалықтардың сүйікті демалыс орындарына айналды. Қалада да, сонымен қатар оның маңайында да жоспарлы түрде жасыл желектер саны артып келеді. Қолайлы климаттық жағдай қалыптастыруда Елбасы бастамашылық еткен елорда маңында «жасыл белдеу» құру жобасының маңызы зор», деп жазды ол.

Бауыржан Байбек атап өткендей, экология сапасын жақсарту мәселесі – «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының да негізгі бағыттарының бірі.

Таяудағы 5 жылда партия ел көлемінде орман алқабын ұлғайту және 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу міндетін қойып отыр. Қалалар ауасының сапасын жақсарту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Осыған орай 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Атырауда, Таразда және Ақтөбеде 6 қоқыс өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр.

«Nur Otan»-ның экологиялық саясатын іске асыру аясында Алматыдағы ЖЭС-2-ні газға ауыстыру, Орал өзені бассейнінің экожүйесін сауықтыру бағдарламасын қабылдау және көлдерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының, Байқоңыр ғарыш айлағының және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірудің экологиялық мәселелерін шешу жалғасын табады», деді Бауыржан Байбек.

Оның таратқан ақпаратына сүйенсек, елордада партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша бес тұрғын алқапта 10 сквер салу, жағалау жиегін абаттандыра отырып, Ақбұлақ жылғасының арнасын реконструкциялау, Вячеслав және Қоянды су қоймаларында табиғатты қорғау шараларын іске асыру және тағы да басқа көптеген шаралар көзделген.